Ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағына найзағай түсті

Бүгін, 20:07 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.com

Чилиде жолаушылар мінген ұшақты әуеде найзағай соқты. Күтпеген жағдайдан қатты шошыған адамдар айқайлап жіберген. Оқиға сәті видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға LATAM Airlines әуекомпаниясының Антофагаста қаласынан Сантьягоға бағыт алған LA341 рейсінде болған. Ұшақ діттеген жеріне жақындап, қонуға дайындалып жатқан кезде найзағай соққысына ұшыраған.

Daily Mirror басылымының мәліметінше, әуедегі күтпеген жағдай жолаушылар арасында үрей туғызған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан найзағай соққан сәтте салон ішіндегі адамдардың шошып, айқайлағанын естуге болады.

Алайда көп ұзамай жолаушылардың қорқынышы күлкіге ұласқан. Видеода адамдардың болған жағдайдан кейін бір-бірімен сөйлесіп, қобалжуын күлкімен басуға тырысқаны байқалады.

Әуекомпания оқиғаға қатысты түсініктеме берді

LATAM Airlines өкілдері ұшаққа найзағай түскенін растады. Компанияның хабарлауынша, қазіргі жолаушылар ұшақтары осындай табиғи құбылыстарға төтеп беруге арналған арнайы қорғаныс жүйелерімен жабдықталған.

"Бұл – әуе кемелері қорғану үшін арнайы жобалаудан және сертификаттаудан өтетін метеорологиялық құбылыс. Бортта мұндай электр разрядын қауіпсіз түрде таратуға мүмкіндік беретін жүйелер орнатылған", – деп түсіндірді әуекомпания өкілдері.

Оқиғадан кейін ұшақ бағытын өзгертпей, рейсін жалғастырған. Лайнер Сантьяго әуежайына сәтті қонды.

Әуекомпанияның ресми мәліметіне сүйенсек, найзағай соққысынан жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шекпеген.

Тэгтер:

Ұшақ Чили