Көңіл күйі жақсы адамдардың мысығы да бақытты болады – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Жапония ғалымдары мысықтар мен олардың иелерінің гормондарын бір ай бойы зерттеп, олардың арасындағы байланысты анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, иесінің ағзасындағы окситоцин деңгейі жоғары болған сайын, мысығында да бұл гормонның мөлшері жоғары болуға бейім. Ал мысықтарындағы окситоцин деңгейі жоғары иелер жағымсыз эмоцияларды сирек сезініп, кортизол деңгейі төмен болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Окситоцин әлеуметтік байланыс пен жақындықты қалыптастыруға қатысады. Адам мен жануар арасындағы мейірімді қарым-қатынас кезінде оның деңгейі жоғарылауы мүмкін. Ал кортизол ағзаның күйзеліске жауабын реттеуге көмектеседі.

iScience ғылыми журналында жарияланған зерттеуге Киото университетінің ғалымдары 19 мысық иесі мен олардың 29 үй жануарын тартқан. Гормондарды салыстыру үшін зәр үлгілерін жинау мүмкін болған 24 мысық пен 17 иесінің деректері пайдаланылды. Әр қатысушыдан алынған үш зәр үлгісінің орташа көрсеткіші есептелді. Сонымен қатар, иелер соңғы бірнеше аптадағы көңіл күйі туралы сауалнама толтырған. Мысықтардың қарғыбауына тағылған шағын Bluetooth құрылғылары олардың үй ішінде иелеріне қаншалықты жақын жүргенін бағалауға мүмкіндік берген.

Зерттеудің жетекші авторы, Киото университетінің ғалымы Сахо Такагидің пікірінше, бұл байланыстың бір себебі мысықты сипау мен оның иесінің еркелетуіне жауап беруі болуы мүмкін. Мұндай әрекет кезінде екі тарапта да окситоцин деңгейі жоғарылап, олардың арасындағы жақындықты нығайтуы ықтимал.

Ғалымдардың айтуынша, мысықтар мен адамдар арасында жақын байланыс қалыптасатыны белгілі болғанымен, оның физиологиялық негіздері әлі де жеткілікті зерттелмеген. Зерттеушілердің мәліметінше, бұған дейінгі жұмыстарда мысықтар мен олардың иелеріндегі окситоцин деңгейі қатар өлшенбеген.

Дегенмен, ғалымдар гормон көрсеткіштері бақытты немесе күйзелісті тікелей өлшемейтінін ескертеді. Окситоцин босану мен сүт бөлінуіне де қатысады, сондықтан оның жоғары деңгейі әрдайым байланыс күшті екенін білдірмейді. Ал кортизол мөлшері тәулік бойы табиғи түрде өзгеріп отырады.

Зерттеу мысық пен иесінің гормондық көрсеткіштері арасында байланыс бар екенін көрсеткенімен, оның нақты себептерін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.