Түркістан облысында «Әділет» партиясына жүгінген студенттің оқу ақысы 50 пайызға жеңілдетілді

Бүгін, 16:50 / Інжу Әлихан
«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беретінін айтып, әрбір азаматтың өтінішіне нақты жауап берілуі қажет екенін атап өткен болатын. Осы бағытта «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалына жүгінген студенттің өтініші назарға алынып, нәтижесінде оған оқу ақысынан 50 пайыз жеңілдік берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылтай сайлауының үгіт-насихат науқаны кезінде Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде күн сайын тұрғындардың өтініш-тілектері қабылданды. Бұл жұмысты «Әділет» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері мен Жастар қанатының белсенділері жүргізді. Сол кездесулердің бірінде қала тұрғыны Жасмин Алибаева отбасында мүгедектігі бар бала тәрбиеленіп жатқан студенттерге оқу ақысынан жеңілдік беру жөнінде өтініш білдірген.

Өтініш бойынша партияның Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Уалиханқызы студентті жеке қабылдады. Ол 25 тамызда мәселенің оң шешуіне ықпал ету мақсатында Шымкент университетіне ресми хат жолдады. Өтініштің қаралу барысын филиалдың Партиялық бақылау комиссиясы бақылауына алды.

Нәтижесінде университет комиссиясы «Педагогикалық ғылымдар» факультетінің «6В01704 – Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша екінші курста оқитын Жасмин Алибаеваның әлеуметтік жағдайын ескеріп, оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Аталған шешім университеттің 2026 жылғы 1 қыркүйектегі №01-01 бұйрығымен бекітілді.

Студент қолдау көрсеткені үшін «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне және Шымкент университетінің басшылығына ризашылығын білдірді.