Бүгін – Республика күні

Бүгін, 08:30 / Алуа Арман
Коллаж: Turkystan.kz

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, республиканың дербес мемлекеттік дамуының негіздері айқындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды, алайда 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен мәртебесі қайта қалпына келтірілді.

2022 жылғы маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанға ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Сол жылдың қыркүйегінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы бұл күннің қайта оралуын оның тарихи маңызымен және Республика күнін, оның ішінде патриоттық, волонтерлік және қайырымдылық бастамалар арқылы мазмұнды жалпыұлттық мерекеге айналдыру қажеттілігімен байланыстырды.

Мәртебесінің қалпына келтірілуі 25 қазанның ел күнтізбесіндегі ерекше орнын бекітті. Республика күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің қалыптасу тарихымен тікелей байланысты және осы тарихи кезеңнің қазіргі мемлекет үшін маңызына назар аударады.

Республика күні – жалғыз ұлттық мереке. Бұл мәртебе оның еліміз үшін айрықша әрі киелі маңызын атап көрсетеді.

Республика күні – қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын еске алуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қандай елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін ұғынуға мүмкіндік беретін мереке.

Бұл мереке еліміздің даму серпінін көрсетіп, демократиялық, әділетті және ашық қоғам құруға бағытталған өзгерістерді айқындайды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан демократиялық институттарды дамытуға, адам құқықтарын қорғауға және азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған саяси реформалар арқылы мемлекеттіліктің негіздерін дәйекті түрде нығайтып келеді.

Бұл үдерісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған, ел дамуының жаңа парағын ашқан ауқымды өзгерістер ерекше маңызға ие болды.

2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне еніп, мемлекеттің қоғамдық-саяси құрылымның сапалық тұрғыдан жаңа моделіне көшуін айқындады және оның конституциялық дамуының жаңа кезеңін бастады.

23 тамызда өкілді биліктің жаңа органы – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Бір палаталы парламенттің құрылуы – мемлекеттік басқару құрылымын оңайлатуға, заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға және өкілді биліктің рөлін нығайтуға бағытталған Президенттің саяси бағытының заңды жалғасы.

2026 жылы Республика күні жаңа Конституция қолданысқа енгізілген және өкілді биліктің жаңа моделі жұмыс істей бастаған жағдайда атап өтіледі.

Тэгтер:

Республика күні