Отандық такси қажет пе?

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Кейінгі жылдары елімізде такси қызметі түбегейлі цифрлық трансформацияны бастан өткерді. Жол бойынан қол көтеріп көлік ұстайтын немесе диспетчерлік қызметке тел­міретін дәстүрлі жүйе келмеске кетті. Шағын бюролар мен жекелеген тасымал­дау­шылардың бақылауында болған бытыраңқы орта біртіндеп кешенді цифрлық экожүйелерге бет бұрды. Нарыққа inDrive, Yandex сынды халықаралық агрегаторлардың келуі бас­тапқыда қызмет көрсетудің ашық­тығын арттырып, бәсекелестікке қоз­ғау салғанымен, бара-бара орасан зор ресурстар мен технологиялық артықшылыққа ие ірі платформалар басым түсті. Жуыр­да орын алған тех­никалық ақау бұл саланы жалғыз компанияға байлап қоюдың қауіпті еке­нін көрсетіп, азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық суве­ренитетімізді сақ­тау үшін нарық­та әділ бәсеке тудыратын ұлттық ба­лама платформа қажет екенін түп­кілік­ті ай­қындап берді.

Отандық такси қосымшалары неге тоқырады?

Осыған дейін еліміздің көлік на­ры­ғында іске қосылған бірнеше жо­ба болды. Дегенмен олардың көбі ха­лықаралық платформалардың қар­қынды экспансиясы мен ресурс­тық артықшылығына төтеп бере ал­мады.
Жергілікті такси қызметінің та­ри­хына көз жіберсек, 2010-2015 жыл­дары нарықта Өскемен мен Қа­ра­ғандыда қарқын алған Aparu Taxi, сон­дай-ақ Taxi.kz, Aray Taxi сияқты әртүрлі аймақтық автопарктердің дербес қосымшалары пайда болды. Олардың негізгі бизнес-моделі клас­си­калық диспетчерлік қызметті циф­рландыруға және жүргізу­ші­лер­ден бекітілген күнделікті абоненттік тө­лем немесе 5-8 пайыз аралығында­ғы төмен комиссия алуға негізделді. Шы­ғыс Қазақстанда сәтті дамыған Aparu Taxi жобасы жергілікті на­рық­тың ерекшелігін өте жақсы білді жә­не inDrive жүйесіне ұқсас, жолау­шы мен жүргізуші бағаны өзара ке­лі­се­тін аукциондық модельді де ше­бер қолданды. Дегенмен қаржылық жә­не технологиялық ресурстардың шек­­теулілігінен бұл жоба респуб­ли­ка­лық деңгейге толық шыға алмады. Аймақтық стартаптардың басты кем­шілігі капиталдың аздығынан, са­палы гео-карталардың жоқтығы­нан және жолаушыларға жеңілдіктер мен жүргізушілерге бонустар беретін маркетингтік субсидиялардың жет­кі­­ліксіздігінен байқалды. Нәтиже­сін­де, ірі шетелдік агрегаторлар бұл жо­­баларды нарықтан кезең-кезеңі­мен ығыстырып шығарды. 
Отандық компаниялар мен жаңа ойын­­шылардың ірі цифрлық плат­фор­мамен тең дәрежеде бәсекеге тү­­суі­не бірнеше фундаменталды фак­­­­тор бөгет болып отыр. Ең негізгі тос­­қауыл – екі жақты желілік эф­фект. Жолаушылар көлік жылдам ке­­летін қосымшаны таңдаса, жүр­гізу­­шілер тапсырыс көп түсетін плат­­формаға тіркеледі. Бұл екі та­рап­­­ты бір уақытта тарту орасан зор ре­­сурсты талап етеді. Оған қоса, өз үле­сін арттыру үшін агрегаторлар бас­тапқыда демпингтік бағаларды, жо­лаушыларға промокодтарды және жүр­гізушілерге орындаған сапарлары үшін кепілдендірілген бонустарды ұсы­­нады. Отандық стартаптар мұн­дай миллиондаған долларлық мар­ке­­­­­тингтік шығынды көтере алмайды.
Технологиялық инфрақұрылым мен картография да айтарлықтай рөл атқарады. Yandex өзінің кар­та­лар жүйесіне, нақты уақыттағы кеп­телісті есептеу алгоритмдеріне және ми­ллиондаған дерек негізінде жұмыс істейтін машиналық оқыту жүйе­лері­не ие. Ал OpenStreetMap сияқты бөг­де карталарды пайдаланатын ша­ғын қосымшалар нақты бағдар құру мен бағаны оңтайлы есептеуде технологиялық жағынан қалыс қа­лып жатады. Бұған қоса, ірі платфор­ма­лар жергілікті банктермен және цифрлық әмияндармен тікелей ин­тег­рацияланып, бір қосымшаның ішін­де тамақ жеткізу мен жүк тасу сияқ­ты басқа да сервистерді бірік­тір­ген. Халықтың белгілі бір интер­фейс­ке, жоғары сервис стандартына жә­не қауіпсіздік кепілдіктеріне үй­реніп кетуі де жаңа отандық қо­сым­ша­ға ауысу ынтасын төмендетеді. 
Бұл салада нарыққа жаңа ойын­шы­лардың кіруіне қатысты инсти­ту­ционалдық кедергілер де өте жоға­ры. Экономикалық талдауларға сәй­­кес, такси агрегаторлары нарығы­на кіруге бөгет тым көп болған­дық­тан, жаңа компания жүйені іске қосу үшін тек IT-архитектураға емес, жүр­­­гізушілер базасын қа­лып­тас­тыруға және пайдаланушыларды тар­туға миллиондаған инвестиция салуға тиіс. Доминантты компа­ния­лар­дың комиссиялық мөлшерлеме­лер­ді өзгерту арқылы шағын бәсеке­лес­терді нарықтан ығыстыру мүм­кін­дігі де жоғары. Сонымен бірге, сер­­верлерді ел ішінде оқшаулау, ки­бер­қауіпсіздік талаптарын сақтау жә­не фискалдық жүйелермен ин­тег­рация сияқты заңнамалық міндет­те­мелер де шағын отандық стартаптар үшін қосымша ауыр қаржылық жүк­теме тудырады.

Yandex  такси нарығының 90 пайызын жаулаған

Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің дерегінше, бүгінде Yandex қалалық агрегаторлар нары­ғы­ның шамамен 90 пайызын бақы­лауд­а ұстап отыр. Мұндай үстемдік, әсі­ресе, Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистерде қатты байқалады. Күн сайын миллиондаған тұтынушы осы платформаның қызметіне жүгі­не­ді, ал жылдық сапар саны жүздеген мил­лионға жетеді. Ал бұл жүйеде ел бойынша 300 мыңға жуық жүргізуші еңбек етеді. Сапар құнының шамамен 16 пайызын Yandex платформасы ұстаса, ортадағы серіктес таксо­парк­тер косымша 4 пайыз маңайында ко­­миссия алады. Нарықта inDrive пен Maxim да жұмыс істеп жатыр, бір­ақ олардың үлесі әлдеқайда төмен әрі негізінен қалааралық қатынас­тар­ды қамтиды. 
Yandex-тің мұндай сұранысқа ие болуының артында жүйелі техно­ло­гиялар тұр. Ауа райы бұзылғанда, жо­лаушылар көбейгенде немесе жүр­гізуші азайғанда бағаны автоматты түр­де көтеретін алгоритмдер сұра­ныс пен ұсынысты лезде теңестіреді. Кө­­ліктің тез жетуі жолаушыға ың­ғай­лы болса, жүргізушінің де бос тұ­­рып қалмауына жағдай жасалған. Нақ­ты карталар, үздіксіз навигация, қол­ма-қол ақшасыз төлем және қо­сым­шаның жеңілдігі халықтың бұл қыз­метке әбден үйренуіне жол ашты.

Заң тұрғысынан алғанда, Кә­сіп­кер­лік кодекске сәйкес, компанияның на­рықтағы үлесі 35 пайыздан асса, ол бә­секелестікке ықпал ете алатын субъект ре­тінде мемлекеттік бақылауға алынады. Бұл мүмкіндікті асыра пайдаланып, баға­ны негізсіз көтеру немесе бәсекелестерге қы­сым жасау монополиялық заң бұзу­шы­лық болып саналады. Ресми тексерулер ком­панияның 90 пайыздық үлесін мо­но­по­лиялық жағдай ретінде сипатта­ға­ны­мен, реттеуші орган оны халықты жұ­мыс­пен қамтып отырған өзіндік ерекшелігі бар монополист ретінде қарастырады. На­рықтағы үстемдік пен баға белгілеу ал­горитмдерінің әділдігі тұрғысынан атал­мыш компанияға қатысты бәсеке­лес­тік заңнамасы аясында бірнеше рет анти­мо­нополиялық зерттеулер мен аудиттер жүр­гізілген. 
Компания жоғары баға белгілеу және тиіс­ті ақпаратты ұсынбау фактілері бойын­ша әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Сондай-ақ цифрлық экожүйені қол­дау мемлекеттік қорына өз еркімен 3 мил­лиард теңге бөлді. Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі компанияға «Эко­ном» тарифі бойынша платформа ко­­­миссиясының мөлшерін екі жылда бір рет­тен жиі өсіруге тыйым салды. Тариф­тер­ді көтеру туралы реттеуші органға ке­мінде 3 күн бұрын (72 сағат бұрын) рес­ми хабарлама жіберу міндеттелді. Қо­сым­шада сапар құнының нақты неден тұратынын (базалық тариф, сұраныс коэф­фициенті, т.б.) жолаушыға ашық көр­сету талап етілді. Сондай-ақ жүргізу­ші­лерге арналған бонустық және ынта­лан­дыру бағдарламаларының көлемін ұлғайту міндеті қойылды.

Сапар құнының құпиясы

Қазақстандағы такси сервистерінің эко­номикасы платформаның мар­жи­нал­ды табыстылығы, таксопарктердің ин-фра­құрылымдық шығындары және жүр-гізу­шілердің операциялық шығыстары ара­сын­дағы күрделі қаржылық тепе-тең-дікке не­гізделген. Жолаушы төлейтін әрбір са­пар құны заңнамалық, техно-логиялық жә­не ұйымдастырушылық деңгейде нақ­ты бөліктерге «ыдырайды». Нақтылап айт­қанда, Yandex Go базалық комиссиясы са­пар құнының 11-16 пайызы аралығын құ­рап, бонустар, сервистік алымдар мен қо­сылған құн салығы есебінен өзгеріп оты­рады. Оған қоса бағдарламалық қам­тама­сыз етуді, атап айтқанда таксометрді пай­даланғаны үшін қосымша алымдар да қа­растырылған. Өз кезегінде отандық так­сопарктер жүргізушіні жүйеге тіркеу, бух­галтерлік есепті жүргізу, төлемдерді шы­ғару және салықтық агент болу қыз­ме­ті үшін сапар бағасының 2-4 пайызы ара­лығында қосымша комиссия ұстайды.
Жүргізушілер түскен жалпы сома­ның шамамен 80-83 пайызы ара­лығындағы бөлігін алғанымен, бұл қар­жыдан жанармай, газ шығындары, жөн­деу жұмыстары, көлікті жалға алу не­месе автокредит төлемдері, сондай-ақ же­ке кәсіпкерлік бойынша салықтар мен әлеу­меттік аударылымдар толық шегері­лед­і. Нәтижесінде, жүргізушінің нақты таза табысы сапардың жалпы құнының 35-45 пайызынан аспайтын бөлігін ғана құрайды. Сонымен қатар платформа бел­сенді жүргізушілерге тапсырыс азайған кезде, ең жоғары жүктеме сағаттарында са­парлар саны үшін мақсатты бонустар ұсын­са, жолаушылар үшін арнайы про­мо­кодтар мен демпингтік жеңілдіктер қарас­тырылып, бұл шаралар екі тарапты да жүйеде ұстап тұруға бағытталған.
Алайда такси саласының монопо­лия­лануы нарық қатысушыларына әсер етпей қой­майды. Монополияланған ортада жүр­гізушілер тарифтерге, комиссия мөл­ше­ріне ешқандай әсер ете алмайды, бұл олар­ды әлеуметтік қорғалмаған, еңбек құ­қықтары кепілдендірілмеген еңбек­ші­лер тобына айналдырады. Бағаны ал­го­ритм белгілейтіндіктен, жүргізушілер инф­ляция мен жанармай қымбаттаған жағ­дайдың өзінде платформаның ұсын­ған шартына көнуге мәжбүр. Төтенше баға белгілеу кезінде сұраныс күрт артса, алгоритм сапар құнын екі-үш есеге дейін өсіреді, ал нарықта күшті бәсекелес бол­ма­ғандықтан, жолаушыларда баламалы ба­ға ұсынысын таңдау мүмкіндігі шек­теу­лі қалады. Сонымен қатар жергілікті так­сопарктер дербес тасымалдаушы компа­ния мәртебесін жоғалтып, Yandex Go платформасының қарапайым әкімшілік жә­не қаржылық филиалына айналды. Парктер өз бетінше баға саясатын жүргізе алмайды, олардың негізгі қызметі тек жүргізушілерді жүйеге қосу және қар­жы­ны қолма-қол ақшаға айналдырумен ғана шектеледі.
Бізде жаңа сервистердің төмен комис­сия мен арзан тариф стратегиясымен ұзақ мерзім бойы «өмір сүруіне» қатаң эко­но­микалық факторлар мүмкіндік бермейді. Тө­мен комиссия жинайтын сервис сер­верлерді ұстап тұру, киберқауіпсіздік, жо­ғары дәлдіктегі гео-карталарды жалға алу, сатып алу, сондай-ақ техникалық қол­дау мен бағдарламалық жасақтаманы жаңартып отыру шығындарын жаба ал­майды. Арзан тариф пен төмен комиссия ке­зінде бір сапардан түсетін операциялық мар­жа теріс мәнге ие болып, венчурлық не­месе инвесторлық қаржыландыру аяқ­талған кезде жоба банкротқа ұшырайды. Плат­форма өскен сайын процессингтік қуаттарға кететін шығын экспоненциалды түрде өсетіндіктен, мұндай шығындарды тек үлкен сапарлар көлемі мен жоғары ко­миссиялық түсім арқылы ғана өтеуге болады. Егер сервис төмен комиссиямен жұ­мыс істеп, жоғары деңгейдегі бонустар мен жеңілдіктер бермесе, жүргізушілер мен жолаушылар қайтадан тапсырысы мол, сервисі жылдам ірі платформаға лез­де өтіп кетеді.

Yandex ақауы нені көрсетті? 

Осы айда Yandex Go компаниясында болған техникалық ақау Қазақстанның қалалық көлік инфрақұрылымы цифрлық платформаларға қаншалықты тәуелді бо­лып қалғанын анық көрсетті. 11 қа­зан­да таңертең басталған ақау бірнеше сағат­қа созылып, Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі қалаларды қам­ты­ды. Сервис өкілдері мен реттеуші орган­дар­дың хабарлауынша, бұған бөлінген есептеуіш инфрақұрылымының жекеле­ген бөліктерінің зақымдануы себеп бол­ған. Сыртқы серверлердегі, соның ішінде дата-орталықтардағы төтенше жағдай сер­вис­тің алгоритмдік өңдеу процестерін уа­қытша тоқтатуға мәжбүр етті. Дегенмен мем­лекеттік орган өкілдері азаматтардың дербес деректері сақталатын жергілікті серверлердің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, ақпараттың сыртқа кетуі немесе зақымдануы тіркелмегенін ресми түрде хабарлады.
Бұл тоқырау нарықтағы такси қыз­мет­теріне оңай тиген жоқ. Қосымшадағы кар­талар мен бағдар құру функциясы іс­тен шығып, көлікке тапсырыс беру мүм­кіндігі шектелді. Халықтың жұмысқа, әуе­жайлар мен вокзалдарға уақытылы же­те алмауы автобус пен метро сияқты қо­ғамдық көліктерге түсетін салмақты бір­ден арттырды. Ал жүргізушілер мен так­си парктер үшін арнайы бағдарла­ма­лық терминалдар бұғатталып, орындалған сапарлардың есебі тоқтап қалды. Сағат­тар­ға созылған бұл үзіліс жүргізушілер мен автопарктердің түсімін айтарлықтай азайт­ты. Жүйе істен шыққан соң қала кө­шелерінде бұрынғыдай «қол көтеріп кө­лік ұстау» қайта жанданып, бейберекет тоқ­таған көліктерден мегаполистердің не­гізгі даңғылдарында ұзын-сонар кеп­те­ліс пайда болды. Оның үстіне, бағаны ав­томатты белгілеу жүйесі де істемей қал­ғандықтан, жеке тасымалдаушылар жол ақысын екі-үш есе өсіріп жіберді.
Осы оқиға бүкіл жүйені бір ғана плат­фор­маға байлап қоюдың қаншалықты қауіп­ті екенін сездірді. Қалалық такси қыз­меті іс жүзінде әлеуметтік және логис­ти­калық маңызы бар стратегиялық ин-фра­құрылымға айналғанымен, оның жал­ғыз жеке цифрлық монополияға тәуелді болуы қаладағы барлық транзитті бір сәт­те бұғаттап тастау қатерін туғыза-ды. Сер­вистің негізгі басқару тетіктері мен ал­горитмдерінің шетелдік жүйелермен тығыз байланысты болуы сыртқы гео­сая­си жағдайлар, кибершабуылдар немесе тех­никалық ақаулар кезінде ішкі нарық­тың қорғаныссыз қалатынын айқын көрсетті. 
Төтенше жағдайда іске қосылатын ба­лама инфрақұрылымның әлсіздігі де анық байқалды. Қазір монополист плат­форма тоқтағанда қалалық көлік жүйесін орнына баса алатын отандық резервтік цифр­лық платформа жоқ. Ресми деңгейде тек баламалы агрегаторлар мен жергілікті таксопарктердің өз қосымшаларын да­мыту, сондай-ақ қоғамдық көліктің ре­зерв­тік бағыттарын шұғыл іске қосу сияқ­ты жанама шаралар қарастырылып жа­тыр. Болған жағдайдан кейін уәкілетті мем­лекеттік органдар цифрлық плат­фор­маларға резервтік отандық серверлік қуат­тарды күшейту және дағдарыс ке­зеңіне арналған іс-қимыл жоспарларын әзір­леу бойынша жаңа қатаң талаптар қою­ды күн тәртібіне шығарды.

Цифрлық тәуелсіздік

Бүгінгі цифрлық такси қызметтері қарапайым тасымалдан асып, үл­кен көлемдегі ақпаратты өңдейтін күрделі жүй­еге айналды. Платформаға жүгінген сәттен бастап деректерді жинау процесі тоқтаусыз жүреді. 
Жүйе қолданушының GPS арқылы нақ­ты геолокациясын, жиі баратын жер­лері мен жүру бағыттарын, сондай-ақ аты-жөнін, телефон нөмірі мен элек­трон­ды поштасын тұрақты түрде тіркеп отырады. Мұнымен қоса банк карта­лары­ның токенделген мәліметтері, төлем тари­хы, IP-мекенжай, құрылғы моделі мен опе­рациялық жүйе нұсқасы сияқты тех­никалық параметрлер де бақылауға алы­нады. Жинақталған бұл ауқымды ақпарат ма­шиналық оқыту алгоритмдері арқылы терең талданады. Ол сұраныс пен ұсы­ныс­ты сәйкестендіру, бағаны құбылмалы ету, тиімді бағыт сызу, сапар қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және жеке маркетингтік ұсы­ныстар әзірлеу үшін қажет. Мәліметтер цифрлық базаларда шифрланып сақта­ла­ды, ал қаржылық және сапар тарихына қа­тысты деректер салық әрі заңнама та­лаптарына сай архивте үш жылдан бес жыл­ға дейін сақталады.
Заңдық тұрғыдан алғанда, «Дербес деректер және оларды қорғау ту­ралы» заңның 12-бабы мен «Ки­бер­қауіп­сіз­дік туралы» заңның 56-1-бабына сәй­кес, ел азаматтарының дербес деректерін жинау мен өңдеу кезінде олардың бастап­қы базалары мен серверлік инфрақұры­лы­мы Қазақстан аумағында орналасуға тиіс. Өз кезегінде Yandex Go сервисі ресми құ­жаттарында жергілікті заң талаптарын то­лық сақтап, қазақстандық пайдалану­шы­лардың деректер базасын ел ішінде оқшаулағанын айтады. Компания саясаты бойынша деректерді өңдеу пайдалану­шы­ның келісімімен жүргізіледі, ал транс­ше­каралық дербес деректер кейбір тех­ни­калық процестерді қамтамасыз ету үшін бақыланатын режимде жүзеге асады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері де, компа­ния­ның ресми ақпараты да Yandex Go сер­висін пайдаланушылардың дербес де­рек­тер базасы Алматы қаласындағы дата-центрлерде сақталатынын растайды. Де­ген­мен сервистің күрделі аналитикалық жә­не алгоритмдік компоненттері гибридті архитектура негізінде шетелдік серверлік қуаттармен байланысты жұмыс істейтіні жасырын емес. 
Бұл жағдай бірқатар құқықтық және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін туын­датады. Негізгі басқарушы компания шетелдік құқықтық кеңістікте  тіркелген немесе сол елдің заңына бағынатын бол­са, экстратерриториялық нормалар ар­қы­лы (мысалы, Ресейдегі Федералдық қауіп­сіздік қызметіне транзиттік және сер­верлік деректерге тікелей қолжетімділік беретін заңдар) отандық азаматтардың қозғалыс бағдарлары мен жеке мәлімет­тері үшінші тараптың қолына түсуі мүмкін. Сонымен бірге бас компания ор­на­ласқан мемлекетке халықаралық санк­циялар салынса, бағдарламалық жа­сақ­тама, бұлтты инфрақұрылым немесе гео-карта жүйелері бұғатталып, қала ішін­дегі көлік қатынасы тоқтап қалуы ық­тимал. Оған қоса халықтың күнделікті миг­рациясы, көлік тасқынының тығызды­ғы мен әлеуметтік-экономикалық белсен­ділік картасы сияқты стратегиялық ақ­па­ратты мемлекеттік органдардың толық ба­қылай алмауы елдің цифрлық дербесті­гі­не нұқсан келтіреді.
Іс жүзінде компаниялар Қазақстан ау­мағында отандық серверлік қуаттарды жалға алып немесе сатып алып, деректер база­сының көшірмесін ел ішінде сақтау арқылы оқшаулау талаптарын ресми түр­де орындайды. Алайда қазіргі кросс-платформалы архитектурада бағдар­ла­ма­лық кодтың қай бөлігі кай жерде өңде­летінін дәл ажырату оңай емес. Мемлекет­тік реттеуші органдар деректер базасының ел ішінде сақталуын бақылағанымен, бұлт­ты есептеулер мен алгоритмдік өң­деу­лердің трансшекаралық ағынын бақы­лау техникалық тұрғыдан күрделі.

Думан БАҚЫТКЕЛДІ, 
Qajet компаниясының негізін қалаушы:

100 мың жүргізуші тіркелуге өтінім берді

Qajet сервисін іске қосу бұрыннан көкейде жүрген жоспар еді. 2023 жылдан бері арнайы білікті IT-мамандарын іздестірдік.
Бұл салаға бет бұруымызға тек табыс табу емес, ақпарат пен де­рек­тің маңыздылығы түрткі болды. Жалпы, өз иелігінде бірде-бір кө­лігі болмаса да, арнайы платформа құру арқылы бүкіл такси нары­ғын ағын ретінде ұстап тұруға болады деген бизнес-модель бұрыннан қызықтыратын. Осы бағытта іздене келе, «Неге қазақстандық төл так­си қызметін жасамаймыз?» деген берік байламға келдік.
Жаз айларында ауыл мен қала арасындағы қатынасқа арналған так­сидің бастапқы нұсқасын әзірлеп қойған едік. Ал жақында еліміздегі негізгі такси қызметінде ақау болған сәтте жүйені жаңар­тып, жаңа құраммен, мықты мамандармен бар күшімізді салдық та, такси сервисін халыққа жарқ еткізіп ұсындық.
Қазір жүргізушілерге 0 пайыздық комиссия ұсынып отырмыз. Бұл экожүйеде қажетті бағыттар өте көп, біз алдағы уақытта жазылым моделіне көшкіміз келеді. Сол себепті 0 пайыздық комиссияны таңдадық, яғни жүргізуші мен жолаушы арасындағы қаржылық қатынасқа тікелей араласқымыз келмейді. Алайда заңнамалық талаптарға сәйкес, бұл азаматтар табыс тауып отырғандықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеледі немесе жеке кәсіпкерлік ашады. Ортада таксопарктер де бар. Бізге ірі банктер де серіктестік ұсынып отыр. Солармен келісімшарттар жасалып, төлем жүйелері реттелген соң соған сай бизнес-моделдеріміз де толық нақтыланады.
Жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесін Ішкі істер министрлігімен талқылап жатырмыз. Олар арнайы ішкі аудит жүргізіп, бұл жобаны бірлесе дамытуға, тығыз серіктестік орнатуға ниет білдірді. Бұл да – оң жаңалықтың бірі.
Сонымен бірге жүргізушілерді базаға тіркеу процесі қарқынды жүріп жатыр. 25-30 мыңға жуық жүргізушінің құжаттарын тексеріп, растап үлгердік. Ал 70 мыңға жуық жүргізуші тіркелуге өтінім қалдырып, кезегін күтіп отыр. Бұл ағынды реттеу үшін колл-орталықтар мен менеджерлерді дайындап, барлық процесті барынша автоматтандыруға күш салып жатырмыз.
Баға мен техникалық ақауларға қатысты түйткілдер шұғыл түрде шешіліп жатыр. Көлікті табу мен күту уақытының созылуы немесе жүргізуші жақындап қалғанда тапсырыстан бас тарту сияқты жайттар бар. Бұл, бір жағынан, жүргізушілер санының әлі де жеткіліксіздігіне, екінші жағынан, бәсекелестеріміздің біз нарыққа шыққалы бағаны арзандатып, түрлі бонустар ұсынып, өз қолданушыларын бізге жібергісі келмей барын салып жатқанына байланысты деп түсінеміз. Қазір жолаушылардың саны жүргізушілерге қарағанда он есе көп. Сол себепті жүргізушінің бағытына сай келген жолаушылар бірден көлік тауып жатса, кейбір азаматтардың ұзақ күтіп қалатыны да жасырын емес. Осы олқылықтарды сезіну үшін өзіміз де басқа қалаларға барып, жүргізуші де, жолаушы да болып көрдік. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұсыныстар мен әлеуметтік желілердегі пікірлердің бәрін назарға алып отырмыз.
Пайдаланушылардың шағымын қарау және қызмет сапасын жақсарту мақсатында Алматы қаласында арнайы команда құрдық. Құтқару қызметі, қауіп белгісі, көлікте затты ұмытып кету, дөрекілік таныту, жолаушы мен жүргізушінің бір-біріне шағымдануы сияқты мәселелердің бәрі толық бақылауда. Мұның бәрі біз үшін өте маңызды. Өйткені болашақта жауапты жүргізушілер мен мәдениетті жолаушыларға арнайы сыйлықтар мен ерекше мүмкіндіктер ұсынғымыз келеді. Қазірден бастап қатаң рейтинг енгізіп, қолданушыларды шектеп тастаудан аулақпыз. Керісінше, осы бастапқы кезеңде ережелерді сақтап, адал, тәртіпті жұмыс істеген жүргізушілерді лайықты түрде марапаттаймыз.
Серверлеріміз бен жүйеміз ел ішінде орналасқан. Қарағандыдағы Hoster, Beeline сияқты компаниялар өз дата-орталықтарын ұсынып жатыр. «Ғылым ордасы» тарапынан да арнайы ұсыныстар түсті. Қазір әрқайсысымен кездесіп, ең тиімді шешімді таңдаймыз. Қосымшамыздың іске қосылғанына бүгін сегізінші күн ғана болды, сондықтан түсіп жатқан ұсыныстардың ішінен бізге де, қолданушыға да ең пайдалысын таңдап аламыз.
Әрине, жаңадан құрылып жатқан жүйенің техникалық ақауларын өз пайдасына шешкісі келетіндер де, бәсекелестер тарапынан астыртын ұйымдастырылған кейбір әрекеттер де орын алып жатыр. Дегенмен барлық деректер мен сапарлар бағдары біздің базамызда сақталатындықтан, мұндай теріс әрекеттерге барған тұлғалардың кейіннен сапалы клиент табуына немесе біздің жүйеде жұмыс істеуіне шектеу қойылатыны анық. 
Алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, курьерлік жеткізу, қалааралық тасымал және жүк тасу сервистерін қосуды жоспарлап отырмыз.