Үнсіз басталатын дерт сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың маңызы

Бүгін, 15:45 / Әсел ӘНУАРБЕК
ашық дереккөзден

Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер денсаулығына төнетін өзекті қауіптердің бірі. Ауруды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттырып, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алайда аурудың алғашқы белгілерін елемеу, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыру және медициналық тексерулер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі оның дер кезінде анықталуына кедергі келтіруі мүмкін. Сүт безі қатерлі ісігінің даму себептері қандай, кімдер қауіп тобына жатады және аурудың алдын алу үшін не істеу керек? 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның дерегінше, 2024 жылы әлемде шамамен 2,4 миллион әйелге сүт безі қатерлі ісігі диаг­нозы қойылған. Қазақстанда да бұл дерт өзек­ті мәселелердің бірі болып отыр. Елі­міз­де жыл сайын 5 мыңнан астам әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталады. Денсаулық сақ­тау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 5 743 жаңа жағдай тіркелген. Бұл көр­сеткіш аурудың алдын алу, халықтың ме­дициналық сауаттылығын арттыру және ск­ринингтің маңызын кеңінен түсіндіру жұ­мыстарын жалғастыру қажеттігін аң­ғартады.
Осы орайда әлемде қазан айы сүт безі қа­терлі ісігі туралы хабарландыруды арт­тыру­ға арналады. Бұл кезеңде ауруды ерте анық­таудың маңызы, тұрақты тексеруден өту­дің қажеттілігі және емделушілерге қол­дау көрсету мәселелері кеңінен наси­хат­тала­ды. Өйткені дертті дер кезінде анықтау емдеу мүм­кіндіктерін арттырып, әйелдердің өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді.

Кімдер қауіп тобына жатады? 

Мамандардың айтуынша, сүт безі қа­терлі ісігінің даму қаупі жас ұлғай­ған сайын арта түседі. Әсіресе, 50 жастан асқан әйелдер арасында бұл дерт жиірек кез­деседі. Сонымен қатар жақын туыстары – анасы, әпкесі немесе қызы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің де ауруға ұшырау ықтималдығы жоғары болуы мүмкін. Бұған қоса, BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі тұқым қуалайтын мутациялар қатерлі ісіктің даму қаупін арттыратын маңызды факторлардың қатарына жатады.
Аурудың туындауына себепкер болатын өзге жайттар да жоқ емес. Мәселен, етеккір­дің ерте басталуы, менопаузаның кеш келуі, ал­ғашқы жүктіліктің салыстырмалы түрде кеш жаста болуы, бала емізбеу, менопаузадан кейін артық салмақ қосу, алкоголь тұтыну және дене белсенділігінің төмендігі де сүт безі қатерлі ісігінің басталуына себеп болуы мүмкін. Кейбір гормондық препараттарды ұзақ уақыт қолдану да аурудың өршуіне ық­пал етеді. Сондықтан мұндай дәрілерді қа­был­дау мәселесін дәрігермен алдын ала тал­қылаған жөн.
Дегенмен қауіп факторларының болуы мін­детті түрде қатерлі ісікке әкелмейтіні сияқ­ты, олардың болмауы да аурудан толық қор­ғай алмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметінше, сүт безі қа­терлі ісігінің көптеген жағдайы белгілі қауіп факторлары анықталмаған әйелдерде де кездеседі. Сондықтан отбасында онколо­гия­лық аурумен ауырған адам болмаса да, ден­саулыққа мұқият қарап, сүт безіндегі өз­ге­рістерге назар аудару және жоспарлы ск­ри­нингтен уақытылы өту маңызды.

Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға ке­піл­дік беретін әмбебап әдіс жоқ. Дегенмен кей­­бір әдеттер аурудың даму қаупін тө­мен­де­туге көмектеседі. Мамандар дене салмағын қа­лыпты ұстауға, тұрақты дене белсен­ді­лі­гіне, алкогольден бас тартуға немесе оны тұ­­­тынуды шектеуге және темекі шекпеуге кеңес береді. Ал гормондық препараттарды қа­былдау қажет болса, олардың пайдасы мен ық­тимал қаупін дәрігермен талқылаған аб­зал.
Сондай-ақ сүт безінің қалыпты күйін бі­­ліп, ондағы өзгерістерге назар аудару маңыз­ды. Түйіннің пайда болуы, сүт безінің пішіні немесе көлемінің өзгеруі, терінің тар­тылуы не қызаруы, емізіктің ішке қарай тар­­тылуы немесе одан бөлінді шығуы бай­қал­са, дәрігерге қаралу қажет. Мұндай белгі­лердің бәрі бірдей қатерлі ісікті білдірмейді, алайда олардың нақты себебін мамандар ға­на анықтайды. 
Ақ халаттылардың түсіндіруінше, дертті ер­те анықтаудың маңызды жолдарының 
бірі – жоспарлы скринингтен өз уақытында өту. Маммография сүт безіндегі кейбір өз­ге­рістерді қолға білінетін түйін пайда бол­май тұрып анықтауға мүмкіндік береді. 
Айта кетейік, Қазақстанда сүт безі қа­терлі ісігін ерте анықтауға арналған ұлттық скрининг бағдарламасы 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін 19 мыңнан астам жағдай ерте сатысында анықталған. Қолда бар мә­ліметке сәйкес, 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер маммографиядан тегін өте алады. Скринингтің қолжетімділігін арттыру мақ­сатында шалғай елді мекендерде де тек­серу­лер ұйымдастырылады. Бұған қоса, бірнеше өңірде пилоттық жоба аясында жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Олар маммография, ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография аппараттарымен, сондай-ақ зертханалық жабдықтармен қам­тамасыз етілген.
Ауру ерте сатысында анықталса, емдеу мүм­кіндігі артып, кей жағдайда сүт безін сақ­тайтын операция жасауға болады. Сон­дықтан скринингті кейінге қалдырмай, бел­гіленген уақытта тексеруден өту маңыз­ды. Ал сүт безінде күмәнді өзгерістер байқал­са, жоспарлы тексеру күнін күтпей, дәрігерге жүгіну қажет.
Сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресте ең маңыз­дысы – денсаулыққа жауапкер­ші­лік­пен қарау. Өзгерістерді дер кезінде байқау, ме­дициналық көмекке уақытылы жүгіну жә­не скринингтен өту ауруды ерте анықтап, ем­ді кешіктірмей бастауға мүмкіндік береді.

«Скринингтен өтпесем, мән бермес те едім»: сүт безі қатерлі ісігімен күрес жолы

Сүт безі қатерлі ісігі әрдайым ауырсыну немесе айқын белгілер арқылы бай­қала бермейді. Кейде денедегі болмашы өз­герістерге мән бермеу ауруды дер кезінде анық­тауға кедергі келтіруі мүмкін. Қазақ­стан­дық Татьяна Сыроватскаяның оқиғасы жос­парлы скринингтің маңызын және ден­саулыққа жауапкершілікпен қарау қа­жет­тігінің айқын дәлелі. Ол сүт безінен кіш­кентай түйін байқаса да, бастапқыда оған алаңдамаған. Ал маусым айында жоспарлы скринингтен өту кезінде жасалған мам­мография сүт безінен күмәнді түзілісті анық­тады. Қосымша тексерулерден кейін дәрі­герлер оған сүт безі қатерлі ісігінің II сатысы диаг­нозын қойды.
Татьяна скринингтен өтпегенде, дәрі­герге қаралуды кейінге қалдыруы мүмкін ек­е­нін айтады. Оның сөзінше, диагноз қойыл­ғаннан кейін емделу жолын таңдап, алдағы қиындықтарға дайындалуға тура келген.
«Скринингтен өтпегенімде, бәлкім, бұл жағдайға мән бермес те едім. Қыс мезгілінде сүт безімде кішкентай түйін бар екенін бай­қа­дым. Бірақ жақын туыстарымның ара­сын­да онкологиялық ауруға шалдыққан ешкім бол­мағандықтан, мұндай диагноз туралы ой­ламадым», – дейді Татьяна Сыроватская.
Ұлттық ғылыми онкология орталы­ғының мамандары ісіктің ерекше­лік­терін, соның ішінде иммуногистохимиялық зерттеу нәтижелерін бағалап, емдеу так­ти­касын белгіледі. Татьянаға сүт безін алып тас­тау операциясы жасалды. Сол операция ба­рысында имплант көмегімен сүт безінің пі­шіні де қалпына келтірілді. Осылайша, хи­рургтер ісікті алып тастап, бір мезгілде ре­конструкциялық операция жүргізді.
Татьяна операция түрін таңдау кезінде сүт безін толық алып тастауға шешім қабыл­да­­ғанын айтады. Бастапқы зерттеу нәти­же­лері бойынша ісіктің агрессивтілігі 50 пайыз деп бағаланған. Алайда операциядан кейінгі гис­тологиялық зерттеу оның бұдан да жо­ғары екенін көрсетті.
– Дәрігерлер сүт безін ішінара немесе то­лық алып тастауды ұсынды. Мен толық алып тастаған дұрыс деп шештім. Өйткені зерттеу нә­тижесінде ісіктің агрессивтілігі 50 пайыз деп көрсетілген еді. Ал операциядан кейінгі гистологиялық зерттеу оның 70-80 пайызға же­тетінін анықтады. Дәрігерлермен кеңесіп, сүт безін алып тастаумен қатар, бірден имп­лант орнатуды сұрадым. Опера-ция 16 қыр­күйек­те өтті, қазір жағдайым жақсы, – дейді ол.
Операциядан кейінгі зерттеу нәти­же­ле­ріне сәйкес, дәрігерлер Татьянаға хи­мио­те­рапиядан өтуді ұсынған. Қазір ол емнің ке­лесі кезеңіне дайындалып жатыр. Кейіпкер ем­деу кезінде белгілі бір қиындықтар болуы мүм­кін екенін түсінсе де, ауруды жеңуге де­ген сенімін жоғалтпаған.
– Мен бұл аурудың емделетінін, одан айы­ғуға болатынын түсінемін. Әрине, емдеу ба­рысында біраз қиындыққа төзуге тура ке­леді. Химиотерапия кезінде жүрек айнуы, тә­беттің төмендеуі, шаштың түсуі сияқты жа­нама әсерлер болуы мүмкін екенін біле­мін. Бірақ мұның бәрі уақытша қиындықтар деп ойлаймын. Ең бастысы – емді толық аяқ­тап, денсаулығымды қалпына келтіру, – дейді Татья­на Сыроватская.
Ол өз тәжірибесі арқылы басқа әйелдерге де үндеу тастайды: жоспарлы скринингтен уа­қытылы өтіп, сүт безіндегі өзгерістерді елеу­сіз қалдырмау қажет.
Бұл оқиға сүт безіндегі өзгерістердің ауыр­сынусыз да байқалуы мүмкін екенін еске салады. Сондай-ақ отбасында онко­ло­гия­лық аурулардың болмауы қатерлі ісік қаупін толық жоққа шығармайды. Сондық­тан жоспарлы тексерулерден уақытылы өтіп, күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрі­герге жүгіну маңызды.

Сүт безі қатерлі ісігін емдеудегі заманауи тәсілдер қандай?

Бүгінде сүт безі қатерлі ісігін емдеу тек ісік­­ті алып тастаумен шектелмейді. За­­манауи медицинаның мүмкіндіктері дәрі­гер­лерге аурумен тиімді күресіп қана қоймай, әйелдердің өмір сапасын сақтауға да жол ашып отыр. Қазіргі хирургияның негізгі мақ­саты – қатерлі ісікті қауіпсіз алып тастау, мүм­кіндік болса сүт безін сақтап қалу, ал оны толық алып тастау қажет болған жағ­дайда пішінін қалпына келтіру және опера­ция­дан кейінгі асқынулардың қаупін азайту.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында әр науқастың емдеу тактикасын бірнеше са­ла маманынан құралған мультидис­цип­линарлық топ белгілейді. Дәрігерлер ісіктің са­тысы мен көлемін, биологиялық ерекше­лік­терін және науқастың жалпы жағдайын ескере отырып, емдеудің оңтайлы тәсілін таңдайды. Аурудың сипаты мүмкіндік берсе, сүт безін сақтайтын операция жасалады. Ал сүт безін толық алып тастау қажет болған жағ­дайда оның пішінін имплант көмегімен қал­пына келтіруге болады. Мұндай ре­кон­струк­циялық операция сүт безін алып тас­тау­мен бір мезгілде немесе кейінгі кезеңде жүр­гізіледі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы­ның онкомаммолог дәрігері Айбек Садықов­тың айтуынша, сүт безін сақтау немесе оны қалпына келтіру туралы шешім әр науқастың жағдайына қарай қабылданады. Әсіресе, ісік­тің биологиялық ерекшеліктері мен аг­рес­­сивтілігі операция түрін таңдауда маңыз­ды рөл атқарады.
«Сүт безінің қатерлі ісігі анықталған жағ­­дайда оны міндетті түрде толық алып тас­­тау қажет емес. Ісіктің көлемі мен био­ло­гия­лық ерекшеліктеріне қарай сүт безін сақ­тайтын операциялар да жасалады. Қажет бол­ған жағдайда реконструкциялық және плас­тикалық операциялар арқылы оның пішінін қалпына келтіріп, имплант орнатуға болады. Алайда имплант қою мүмкіндігі ісік­­тің агрессивтілігіне де байланысты. Сон­дық­тан әр науқасқа жеке тәсіл қолданылады», – дейді Айбек Садықов.
Хирургиядағы маңызды міндеттердің бірі – операциядан кейінгі асқынулардың ал­дын алу. Мәселен, қолтық астындағы лим­фа түйіндерін кең көлемде алып тастау кей­бір науқастарда қолдың созылмалы ісі­нуіне, яғни лимфедеманың дамуына әкелуі мүмкін. Оның алдын алуға көмектесетін әдіс­тердің бірі – күзетші лимфа түйіндерінің био­псиясы. Бұл тәсіл Ұлттық ғылыми он­ко­логия орталығында да қолданылады.
Айбек Садықовтың сөзінше, қазіргі ем­деу хаттамалары бойынша қолтық астын­да­ғы лимфа түйіндерін толық алып тастау бар­­лық науқасқа бірдей қолданылмайды. Опе­рация көлемі лимфа түйіндеріндегі қа­тер­лі жасушалардың бар-жоғына және басқа да клиникалық көрсеткіштерге қарай анық­талады.
«Бұрын қолтық астындағы лимфа түйін­дерін толық алып тастайтынбыз. Қазір кү­зет­ші лимфа түйіндерінің биопсиясы әдісі қол­данылады. Операция кезінде қатерлі ісік жа­сушаларының бар-жоғын анықтау үшін алдымен осы түйіндер тексеріледі. Егер бір­неше лимфа түйінінен қатерлі жасушалар та­былса, оларды толық алып тастау мәселесі қа­растырылады. Мұның бәрі науқастың же­ке жағдайына байланысты шешіледі», – деп түсіндірді онкомаммолог.
Ұлттық ғылыми онкология орталы­ғы­ның мәліметінше, кейінгі алты айда сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 143 па­циент­ке хирургиялық ем жүргізілген. Олар­дың 121-іне күзетші лимфа түйіндерінің биоп­сиясы жасалған. Бұл деректер емдеу ке­зін­де ісікті алып тастаумен қатар, опе­ра­ция­ның науқастың кейінгі өмір сапасына әсерін де ескерудің маңызын көрсетеді.
Сүт безі қатерлі ісігін емдеуде ескерілетін та­ғы бір маңызды мәселе – әйелдердің бола­шақ­та ана болу мүмкіндігі. Кейбір емдеу тә­сіл­дері ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуі мүм­кін болғандықтан, бала сүюді жос­пар­ла­ған әйелдерге ем басталғанға дейін реп­ро­дук­тологпен кеңесу ұсынылады.
– Ем басталғанға дейін аналық жасуша­лар­ды репродуктологтың көмегімен алып, ар­найы банкте сақтауға мүмкіндік бар. Ем то­лық аяқталғаннан кейін балалы болу мүм­кін­дігін маманмен бірге қарастыруға бола­ды, – дейді Айбек Садықов.
Осылайша, сүт безі қатерлі ісігін емдеу­дегі заманауи тәсілдер аурумен күресумен қатар, әйелдердің өмір сапасын сақтауға, опе­рациядан кейінгі асқынулардың қаупін азайтуға және болашаққа қатысты жоспар­ларын ескеруге мүмкіндік береді.

P.S. Бір сөзбен айтқанда, сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес қорқыныштан емес, ақпараттан, үмітсіздіктен емес, дер кезінде жасалған қадамнан басталуы керек. Ауру туралы ашық айту, оның алғашқы белгілері мен қауіп факторлары жөнінде хабардар болу, жоспарлы скринингтің маңызын түсіну әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Қатерлі ісік диагнозы әрдайым үміттің үзілуін білдірмейді. Бүгінде медицинаның дамуы ауруды анықтау мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, науқастардың өмір сапасын сақтауға жол ашып отыр.
Сондықтан денсаулыққа бейжай қарамай, жоспарлы тексерулерден уақытылы өту, сүт безіндегі кез келген өзгерісті елеусіз қалдырмай, күмән туындаған жағдайда дәрігерге жүгіну маңызды. Өйткені ауруды ерте анықтау емді дер кезінде бастауға және ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді. Кейде денсаулыққа көңіл бөлуден басталған бір ғана қадам адамның болашағына үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Өз денсаулығыңа қамқорлық жасау – қорқынышқа берілмей, өмірді таңдаудың маңызды жолы.