Кәмілдік кезеңі

Бүгін, 14:45 / Túrkistan Gazeti

Қазақ саяси санасында «республика» сөзі ХХ ғасырдың басында орнықты. Әрине, мұны кейін большевиктік билік өз талғам-өлшеміне жақындатты. Соған қарамай 1920-жылдардағы ұлт баспасөзі оны «оңаша отау» деп түсіндіргенін де байқаймыз. Бірақ ол шын мәнінде қандай отау болғанын тарих тағылымы көрсетті...

Республика – латынша «ортақ іс» мағы­на­сын меңзейді. Тура Алаштың «жұрт ісі» ұғы­мының баламасы.
1990 жыл 25 қазан. Біріміз ойда, біріміз қыр­да жүрдік. Үшіншіміз яки сол кезде әлем­ге жасындай танылған қазақ Тоқтар Әубә­кіров ғарыштан қара жерге абыроймен түс­ке­ніне он-ақ күн болған.
Егемендік декларациясы жарияланған күн. Одақ жаңарамын дегенде, қайраткерлер ойы сан саққа бөлінді. Өткенді қимайтындар, енші алудан гөрі селбесіп жүруді оңай кө­ре­тін­дер қарасы көп. Балтық бойы бағытын ай­­қындап алған. Украин жұрты абадандап тұр. Кавказ республикалары да оң аяқпен азат­тық асуына қадам басқан. КСРО-ның қы­сылған халқы күнде тікелей эфирден көр­­сетілетін одақтық Жоғарғы кеңестің кеңір­дек жыртысқан жиынынан шаршаған... Иә, тарих сахнасына легитимсіз келген большевизм-социа­лизм билігінің күні батып бара жатты. Бірақ соңғы «тұяқ серпуі» жеңіл өтті деуге де кел­мес.
Қиын да жауапты кезеңде ұлт оқы­ған­дары, қайраткерлері, зиялылары Азаттықтың негізін заңмен де, кісілік ұстаныммен де қа­­­­­лады. Қазақ қоғамы буырқанып бұрсанды. Білік, білім, тәжірибе алға шықты. Алпыс екі та­мыр бүлкілдеп, миллиондардың жүрегі «Ел! Жер!» деп соқты. Намыстың деңгейі ештеңемен өлшенбайтін шақ еді. Өйткені оның қызуы бізге балға мен орақ дәуірі үй­реткен домна пешіндей мың градуста бұрқ-сарқ қайнап жатты. 
Сол кезеңдегі тұрлаулы тарихтың куәсі, бәл­кім, тиянағы – Қазақ КСР-ның Мем­ле­кет­тік егемендігі декларациясы. 
Бүгінгі ұрпаққа ұлт ныспысы түсінікті, ал «КСР» (кеңестік социалистік республи­ка­сы) түсініксіздеу. Әрине, талаптысы парқын бі­леді. Бірақ халық та, жұрт жақсылары да қа­ламаған сол «КСР» қысқарған сөзі мен ел аң­саған «мемлекеттік егемендік» ұғымының өзі – қорғасын қара бұлттан шыққан күнді елес­тетті. Бұл – «мың өліп, мың тірілген» қа­зақ азаттығының рәмізді күні еді.
Енді өзіміз үшін аббревиатурадан ара­ша­лап алған «Мемлекеттік егемендік дек­лара­циясы» құжатына үңілейік. 
«2. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақ­тау, қорғау және нығайту жөнiнде шара­лар қолданады...
3. Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССР-інің тер­риториясы бөлiнбейдi және оған қол сұ­ғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға бол­майды».
Осы заңдық ұғымдар мен сөздердің құ­жат­қа жүйелі түсуі, оның Жоғарғы кеңесте (пар­ламент) талқыланып бекітілуі – сол кез үшін аса ауыр тасты өрге дөңгелетіп шығар­ған­мен бірдей еді. Мұны елдік еңбек десек жа­расады.
Декларацияның кіріспесіндегі «...Қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғы­на отырып, iзгiлiктi демократиялық пра­во­лық мемлекеттi құруға бел байлауды не­гiз­ге ала отырып...» деген жолдар саясатта, қо­­­­ғамда жаңа кезең басталғанын жариялады. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төрт жыл бұрын тарихи Ұлытауда өткен Ұлттық құ­рыл­­­тайда: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының сим­во­лы болуы керек!» деп, 25 қазанға ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынуы халық көңілінен шықты.
Президенттің мемлекет құру жолындағы «тари­хи қадамның рәмізі» деуінің жөні бар. Бұл тұжырымның сан ғасырлық елдік-мем­лекеттілік жолымызды, күресімізді, ше­жіре­мізді зерделеуге жұмылдыратын қуаты ай­қын. Ұлы дала төсіндегі мемлекеттілік құ­рылымдар, қазақ халқының генеологиялық береке-бірлігін құраған, тарихта аты таңба­ла­нып қалған мемлекеттер, байырғы қаған­дар мен хандардың елшілдік жолы һәм жар­­ғысы, Батыстың да, Шығыстың да дүйім жұр­­тына сіңіп, дәулетін тасытқан ежелгі қан­­­­­дастарымыздың тағдыр-талайы, мор­тық­қан патшалық империя мен большевизм бү­лігі қирандысының астында қалмасын деп шарқ ұрған Алаш республикасы мен Түркі­стан мұхтарияты ізденісі – бәрі де Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «тарихи қадам­ның» мазмұнында тұр.
Бұл – біздің маңдайымызға басатын, пейіл-ниетіміздің ашықтығын көрсететін күн.
«Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі.  Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан ас­қан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қа­зынаға, ең асыл аманатқа балаймыз» деген Мем­лекет басшысы сөзі – әділетті Қазақ­стан­ның әліппесіндей. 
Әлемді терең текетірес пен дағдарыс буып тұрған күрделі кезеңде әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды қолға алған Пре­­­­зидент мұның мәнін – «халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартумен қатар барлық аза­маттың мүддесін тең қорғау» деп түсін­дірді.
Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан әр буынның мойнында тарих жүктейтін міндет барын қадап айтқан еді. Біз мұны ұмытпауға тиіспіз.  Бүгінгі Қазақстанның жауапты аза­маттарының міндеті – «саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңарту үде­рі­сін жалғастырып, заман талабына бейім­дел­ген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру». Бұйыр­са, нәсібеміз де осыдан қалыптаспақ.
Елдіктің ұстыны сынды бабаларымыз: «Ер­генек болмаса, есік тұра ма? Еңбек бол­маса, нәсіп тұра ма?» деген. Жаратқан ірге­міз­­дің берік, еңбегіміздің жемісті болуын бұйырт­ты.
90-жылдардың экономикалық қиын­дық­тары мен Тәуелсіздікті тұғырлы ету мін­деті, соның ішінде тұңғыш Президенттің ше­караны шегендеуі мен жаңа Астананы қа­лыптастырып өркендеткен еңбегі, 2000 жыл­дар басындағы шикізатқа негізделген эко­номика мен табиғи ресурстарды экспорт­тау табысы, түрлі сын-қатерлерге төтеп беру амал­дары, 2010 жылдардағы қилы күрделі үде­рістер, қоғамдық өрісте халық талабы­ның, сынының артуы, саяси билік транс­фор­мациясының алғышарттары – бәрі ел па­ра­сатына, әлеумет мүддесіне жауапты болуды аң­ғартты. 
Еліміз әлемдік, өңірлік һәм ішкі қауіп-қа­терлерге байланысты дамудың жаңа ке­зеңін бастап, оның темірқазығына – Әділет ұғымын алғаны және 2022 жылы 16 наурыз­­­да саяси реформалар жария етіліп, содан бері ке­зең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқаны – көз алдымызда.
Қазіргі замана шындығы, ғаламдық құ­бы­лыстар, айналамызды торыған сансыз ала­сапыран заманаға елдікті сақтап бейім­делу­ді, құбыла соққан желді диірменге ба­ғыт­тауды талап етеді. Абайдың «әділетке ерік-жігер, күш (шапқат) серік болуын» ай­туы тегін емес. Осы екеуі бірігіп берекені, ел­шілдікті құрайды.
Әлемнің көшбасшы ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби «Мемлекет қайраткерінің на­қылы» трактатында баянды қала-мем­лекет­тің ұстыны болар бес әлеуметтік топты жүйе­леген. Олар: игі жақсылар, сөз ұстаған ше­шендер, ғалымдар, сақшылар, іс адамдары. Ең кереметі, ол қарапайым еңбекқорды да іс адамына жатқызады. Сондай-ақ адамзат ұстазы қандай қала-мемлекеттер құрдымға кететінін анықтаған. Олар: сұраншақ қала, делдал қала, азғын қала, мансапқор қала, тойшыл қала, рия қала, екіұдай қала, адасқақ қала. Міне, ғұлама замандастарына да, келер ұрпаққа да осыдан сақтануды аманаттаған.
Біз қашанда ұлт зиялылары айқындаған ел­шілдікке, яғни мемлекетшілдікке зәруміз. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін артты­ра­тын жер емес. Бұл – туған халқыңның ал­дын­да айрықша жауапкершілік арқалау» де­ген сындарлы сөзін барлық саланың ма­мандарына да қаратып айтуға болады.
Түсіне білсек,  «Мемлекеттік егемендік дек­ларациясы» азаттық пен мемле­кет­­шілдік туралы ойдың ғана емес, істің ір­гетасын қалады.
Мемлекетшілдік – мемлекеттің асыл мүд­десі жолында елге, халыққа қызмет. Ниет­тің де, ойдың да, амалдың да, іс-әрекет­тің де осыған бағытталуы. Мемлекет – Отан­ға қызмет етудің мәдениеті болса, мем­ле­кетшілдік – осы мәдениеттің арқауы. Ұлт, ха­лық, адам құндылығы материалдық, саяси, экономикалық парықпен ғана өлшенбей­тін­діктен, осы ұғымдарға тән рухани мән-ма­ғына мемлекеттің де мазмұнында тұруы ке­рек. Сонда көкейкесті мемлекетшілдік бұл ұғым­дардың қалыпты тетігіне, құрамдас си­па­тына айналады. 
Өкінішке қарай, бізде қоғам мен мемле­кет­тің арасы «кейде тату, кейде қату». Бұл – кеңестік биліктен қалған «комплекс». Яғни, «билік адамын қоғам мүшесі, ет пен сүйектен жаралған адам» деп түсінбеу, тіпті жат көру байқалып жатады. Өркениет әліппесіне қа­ра­сақ, мемлекет өзімен келісімі айқын қо­ғам­нан тұратынын көреміз. Мұны қара­пайым тілде тәпсірлесек, бұрқ-сарқ қайнаған қоғам мен әділетті мемлекет көп нәрсені, тіпті барлық іс-әрекетті бірлесіп атқарады. Мемлекет аспаннан аяғы салбырап түспейді, қоғам мен оның сенім білдірген өкілдерінің (биліктің) үйлесімінен пайда болады. Сөй­тіп, екеуі бірлесіп, пікірлесіп қабылдаған заң­ға бағынады. Заң болмаса, заңсыздық ор­нығады. Билік заңның орындалуын қа­дағалайды. Мемлекет әліппесі – осы. 
Жұрт кейде орайлы, кейде орайсыз сы­найтын шенеунік – қоғамның оппоненті емес, қайта соның бір мүшесі. Оның мүддесі де қоғамнан бөлек болмауы керек. Кез кел­ген мемлекеттік қызметкер бір мезгілде мем­ле­кеттің де, қоғамның да мүддесін тең ойлап, тең қорғауы қажет. Оның кәсіби, лауа­зымдық беделі осымен өлшенеді. Әлеу­меттің сұрағы: «Шенеуніктің мүддесі туған жерінің, қоғамның, елдің мүддесімен сәйкесе ме? Ол өзі қызмет ететін қала, аудан, ауыл тұр­мысын жақсарту жолында не істеп жүр?» болса, бұл мемлекетшілдік ұстанымға сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы айтқан: «Заң үстем­дігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене ара­лас­қан жағдайда ғана әділеттілік берік ор­ны­ғады» деген пікірдің мәні сол. Әділетті Қа­зақстанның әліпбиі – осы.
Республика, ел ұғымдары айрықша ай­тыл­ған кезеңде жұртшылық «Өткеннің тар жол, тайғақ кешуіне һәм азаттық жолындағы қиын­дықтарға баға берілді ме?» деп сұрап жа­тады. 
Рас, бұл бағыттағы ынта-жігер 90-жыл­дары басталды. Белгілі қиындықтарға қара­май, сол уақыттағы тарихты түгендеу мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бастама­ларында, кейінгі мемлекеттік «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаң­ғыру» бағдарламаларында біршама іс, жоба жүзеге асырылды.
Кеңестік «жариялықтан», Тәуелсіздік таңы­нан бері архивтерден қаншама құжат шық­ты, бұрын қозғалмаған талай мәтін, д­ерек айналымға түсті, қоғам соған нақты қо­рытынды, байыпты баға талап еткені ақи­қат.
Күрделі түйінді тарқату Президент Қ.Тоқаев айқындаған әділетті Қа­зақстан кезеңі мойнына түсті. 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысының Жарлы­ғы­мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жөнінде Мемлекеттік комиссия құ­рылды. Аталған комиссия пандемия ке­дер­гісіне қарамай елеулі жұмыс атқарды. Соның бір парасы – 2023 жылдың басында Президентке сол кездегі Мемлекеттік кеңес­ші, саясаттанушы-ғалым Е.Қарин таныс­тыр­ған саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың түрлі санаты туралы құжаттар мен мате­риал­­дардың 31 томдық жинағы. Танымал ғалымдар, сарапшы мамандар енген Мем­лекеттік комиссия еліміздің республикалық, облыстық, аудандық архивтерінде, жабық қорларында кешенді іздеу, жүйелеу, зерттеу жұмысын жүргізді. Әсіресе, заң талабымен құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұрын «жабық» саналған архив материал­да­рын құпиясыздандыруға, құрбандарды ақ­тауға байланысты қыруар іс атқарды. Мұның сыр­тында архив құжаттарын цифрландыру мен электронды қорларды жасақтау үдерісі қа­тар жүрді. Мұрағат бағытындағы ізденіс – өңірлер де том-том жинақ әзірлей бастады. Сол уақыттағы Мемлекеттік кеңесшілер Қ.Кө­шербаевтың, Е.Қариннің тиянақты үйлес­тіруімен, заңгер-ғалым С.Қасымов бас­қарған Жобалық офистегі тарихшы, заңгер т.б. білікті, кәсіби мамандардың ынта-жігері­мен елеулі істер орындалды.
Халқымыздың тең жартысын мерт еткен тра­гедияға, яғни Аштық нәубетіне қатысты зерт­теу-зерделеу жұмысын сол уақыттағы Пар­ламент Сенатының Төрағасы, саясат­тану­шы-ғалым М.Әшімбаев бастаған халық қалаулылары мен ғалымдардан құралған топ кезең-кезеңмен жүзеге асырды. Нәти­же­сінде, қомақты көптомдық «Ашаршылық. Го­лод. 1928-1934» құжаттар жинағы сала ма­мандары мен кітапханаларға ұсынылды. 
Мұның бәрі ортақ тарихи таным арқылы бір­тұ­тас ұлттық сана қалыптастыруға ба­ғытталған. Бұл – тәуелсіздік құндылықтарын бекемдейтін мемлекетшіл ізденістер мен жұмыстар. Ұлтты сынаған саяси нәубет пен қасірет тағылымы қаншама жыл өтсе де біз­ді, яғни елді тұтастандыра түседі. Осынау жан жарасы посткеңестік кеңістікті бірік­тіреді, толғандырады. Мұны ақын Расул Ғам­затов «Жер бетінде нан – арзан, адам өмі­рі қымбат болсын!» деп, бірауыз сөзге сый­дырыпты...
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның дәйекті, тыңғылықты жұмысының арқасын­да сол кездегі Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин­нің бастамасымен, Президент архивінің қол­дауымен, академик М.Қойгелдиев жетек­шілігімен «Алашорда ісі» атты 12 томдық жинақ жарияланып, халық жадын жаңғыр­тар рәмізді қазынаға айналды. 
Осы тұста бір жайтты ұмытпалық. Саяси қу­ғын-сүргін мен аштық құрбандарын зерт­теу бағытында ғалымдар, ынталы зерттеу­ші­лер бұған дейін түк бітірмеді дей ал­май­мыз. Дара шауып ізденді, зерттеді, бірақ ке­шенді мемлекеттік көзқарас болмады. Бүгін ниет те, ұстаным да, парасат та бар. Таяу уа­қытта қалың оқырманға ұсынылатын 7 том­дық жаңа академиялық «Қазақстан тари­хы» да – осы өреде.
Естеріңізде болса, 1992 жылы ЮНЕСКО «Әлем жады» атты бағдарлама қабылдады. Біз ол шақта Тәуелсіздік алып, «онсыз да жадымыз жаңғырды» деп, бөркімізді аспанға атып жүргенбіз. Сол бағдарламада: «Құжатты мұра – әлем халықтары ұжымдық жадының құ­жаты. Осы арқылы адамзат қоғамындағы ақыл-ойдың, жаңалықтардың, жетістік­тердің, түрлі қиындықтардың эволю­ция­сын білеміз» деп жазылған-ды. Былай қарағанда, бәрі түсінікті, өркениетті. Алайда бүгінгі қай­сыбір елдердің пейілі жадты жадағай­лан­дырып жатқандай...
Әлем тоңып секіргендер мен тойып се­кір­гендерден тұрады. Жүре­гі жа­ра­лы елдер Тарихи жад институтын құ­рады. Арылу мен тәубаның өр­кениетті жо­лын салаландыра­ды. Бұл – әді­лет­тілік қадамы. Қазіргі көп бас­тама халық қамы мен тарих қа­мы екенін көзі қа­рақты азамат­тар түсінеді.
Жалпы, тарихи жадты қа­лыптайтын төрт тетік – архив, кітапхана, музей, ақпарат құрал­да­ры. Қиын кезеңнің шындығы осын­да лайықты көрсетіліп, пара­сатпен байыпталса дейміз. Махамбет ақын «Ерлердің ісі біте ме?» деп жырла­ған ақиқат тарихи жадтың то­лығып, әділ­діктің әрқашан үстем болуын ама­нат­тайды.
Қаңтар қасіретінен кейін дағдарған қо­ғамымызды, әсіресе зиялы қауым мен жас буынды серпілте отырып, байыпты қалыпқа бастау мақсатында Ұлытауда шақырылған Ұлттық құрылтайда Ұлы дала төсінде, хан­дық биліктің рәмізі Жошы сағанасы жанын­да бой көтерген ақшаңқан шатыр астындағы елдік жиында Мемлекет басшысы: «Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрыл­майтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз» деген еді.
Жұрт болып жаңарудың бір қана­тын­да – ел ағалары мен зиялылар, екінші қанатында – әлем таныған тұлғалар, санаткерлер, кеуде тұсында – іс адамдары мен ойлы жастар, етек тұсында – «туған елім, туған жерім» деген этнос өкілдері қаумалап, бір ағзаға айналғанына көзіміз жетіп келеді. 
Елдік жол тарихты, бүгінгі шақ һәм ке­ле­шекті тұтастандырады. Көкейдегі көп сұрақ­қа жауап табылады, болашақ айқында­ла­ды, әсіре саясат пен елдік саясат сабағы байып­талады. Президент Ұлттық құрылтай алдына үш міндетті, нақты айтсақ: 1) жал­пыұлт­тық бірлікті нығайтуды, 2)  рефор­ма­лардың мән-маңызын халыққа түсіндіруді, 3) жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру міндетін қойып, бес жылға жуық аралықта оның орын­далуына себепші болды. Ұлытау, Түр­кістан, Атырау (Сарайшық), Көкшетау (Бурабай), Қызылордада (Ақмешіт) өткен ел­дік жиындардың нәтижесі – сөзімізге дә­лел.  
Енді сіз бен біз куә болып, тіпті қоғам мүшесі ретінде түрлі деңгейде ішінде жүру бұйырған, араласқан, ой бөліскен, тіпті атсалысқан реформаларға келейік. Бірінші, тұңғыш рет жалпыұлттық референдум өтіп, конституциялық реформа қоғамның сұра­нысы негізінде басталды. Қаншама елдік маңы­зы бар заңға өзгеріс пен толықтыру енді. Екінші, жаңа саяси реформаның іза­шары ретінде Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Құрылтай мен мәсли­хат­тарды сайлау тәртібі жаңарып, олардың өкі­леттігі артты. Партияларды тіркеу жеңіл­детілді. Конституциялық сот құрылып, заң­дық қызметін бастады. Үшінші, мемлекеттік институттар жүйесі қайта құрылды. Прези­дент, Құрылтай сайлауы жаңа арнада өтті. Биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын сақтау мақсатында Вице-Президент лауа­зымы енгізілді. Қоғамның барлық сұра­ны­мын қанағаттандыратын кеңесші орган, пай­далы ой-пікір, жалпыұлттық ұсыныс алаңы – Халық Кеңесі жасақталды.
Құрылтай – өрелі тарихи дәстүрге табан тіреп, жасампаз бірлік тепе-теңдігін сақтап, саяси реформалардың құқықтық негіздерін бекемдеп, алға қадам басқан жаңашыл заң шығарушы билік. 
Халық Кеңесі – қоғам бірлігін нығайтып, халықтың мүддесімен сәйкесетін сындарлы идеяларды көтеру, жүйелеу, іске асыру үшін құ­рылған диалог алаңы. Саяси тұрғыдан 
ол – елеулі кеңесші құрылым. Ел және әлем да­налығы, тәжірибесі. Саяси мектеп те, ада­ми мектеп те – осының қайнарында.
Мемлекет басшысы Ұлытау биігінен: 
«Біз – тарихтан тағылым ала білген халық­пыз» деп, біршама уақыт ұмытылған Еге­мендік декларациясын қабылдаған күнді сая­си деңгейде ақтау мен ұлықтау арқылы заманауи қоғамның ұйысу мен сепілу негізін, құндылығын дөп көрсетті.
Біз Тәуелсіздікті саяси-танымдық ұғым, атаулы күн, тарихи құбылыс ретінде айт­қанда, 25 қазан – Егемендік туралы дек­лара­ция­ны жариялаған Республика күнін темір­қа­зық етіп аламыз. Осы рәмізді белестің қай­та жанданып, өз тұғырына қонуы – тари­хи һәм адами әділеттіліктің көрінісі еді. Бас­қа – басқа, мың өліп, мың тірілген ұл­тымыз үшін адам құқының яки қақының ор­ны бөлек. Оның негізін – қадір-қасиет пен теңдік ұғымы құрайды. Әділеттен қағылып, қорланғанда халық даналары: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген. Ал теңсіздікке «Кеңесті жерде кемдік жоқ, Кеңессіз жерде теңдік жоқ» деп, нақты баға берген. 
Әлі есімізде, 80-жылдары ілуде бір батыл зиялы БҰҰ Жарғысындағы «Ұлттар теңдігі және өзін-өзі басқару қағидатын» алға тартып, мінберден кібіртіктеп қана сөйлегенін көргенбіз. Осы ойды хатқа түсіріп, пікірі үшін азап шеккен бірлі-жарым азаматтың ауыр тағдыры тарихта қатталған.  
Саяси егемендікке дейін, ғасырлар бойы әлемнің оразды ұлттары секілді біздің де этникалық санамызда еркіндік, өзгені сыйлау, кісіні алаламау, төзімділік, әділдік, жауапкершілік т.б. секілді жалпы азаттық ұғымының басты шарттары қалыптасып орнықты. Тіпті сыннан өтті десе де болады. 
Демократияның жаһандық ұстын-тұл­ғалары айтқан «Туа бітті еркін, тең, тәуелсіз адам өзінің келісімінсіз біреуге басыбайлы ба­ғына алмайды» деген даналық барша елге ба­ғышталғаны ақиқат. Немесе Францияның әді­лет, сот ғимараттары қабырғасындағы «Аза­маттың және елдің құқы – еркіндік, мен­шікке қол тигізбеу, қауіп­сіздік, езуге қар­сылық» деп алтын әріп­пен жазылған нақыл – егемендіктің айны­мас заңы. Бұл – ауа жайылудың шарты емес, Еуропа ғұламалары айтқандай, «Еркін­дік дегеніміз – өз-өзіңді басқару». 
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жұрт ке­мелдігімен, парасат кәмілдігімен ғана ұстап тұратын елдіктің парқын бірауыз сөзге сыйдырыпты: «Адамның өзінде кәмілдік бол­маған соң, ісінде де кәмілдік жоқ». Мұны – көзі ашық, жауапты азаматтарды қайрау, жақсылықты аңсау деген дұрыс.
Тарихтан жасампаздық істерді іздеу қа­жеттігін айтқан Президент Қ.Тоқаев әділет­тікті алға тартып, саяси реформаларды сәті­мен жүзеге асырып, ел мен қоғамды тұтас­тандыратын құндылықтарды күн тәр­тібіне шығарып отыр.
Өндіріс-өнеркәсіпте де, әлеуметтік-эко­номикада ілгерілеу бар. 1 мыңнан аса өнер­кәсіп жобасы іске қосылды. Жеңіл көліктер мен ауыл шаруашылығы көліктерін шыға­ра­тын зауыттар ашылды. Шикізатты терең өң­деу жолға қойылды. Экономикамыз 6,2 пайыз­ға өсті. Кейінгі 7 жылда 761 мектеп, 345 балабақша, 536 спорт, 312 мәдениет ны­саны пайдалануға берілді. Еліміздің ха­лық­аралық абыройы елеулі инвестиция тартуға мүм­кіндік туғызды.
Биыл рефендумда біз халық болып жұмы­лып, жаңа Конституцияны   қабылда­дық. Оның кіріспесінде де, өн бойында да та­­рихи сабақтастық, азаттық мәртебесі, еге­­мендік пен территориялық тұтастық, озық ойлы ұлт қалыптастыру жолындағы білім, ғылым, инновация құндылықтары, зайыр­лылық пен зияткерлік, азаматтары­мыз­­дың құқы мен еркіндігін қорғау мем­ле­кетшілдік өзек ретінде көрініс тапқан.
Бас құжатымыздың 3-бабында мемлеке­ті­міздің негіз құраушы қағидаттары қата­рын­да бірінші кезекте «Егемендік пен Тәуел­сіздікті қорғау» жазылды. Бұл міндет пен жауапкершілік кеңестік кезеңде алғаш рет «Мемлекеттік егемендік декларациясында» тиянақталғанын қаперімізден шығарма­ға­ны­мыз абзал.
 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Құрылтай депутаты,

ҚР ҰҒА академигі