Ақиқат пен алгоритм айқасы: кім жеңеді?

Бүгін, 14:45 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
www.livelib.ru

Америкалық ғалым, әлеуметтану психологы, Гарвард университетінің құрметті про­фессоры Шошана Зубофф цифрлық технологиялардың адамға, қоғамға, экономика мен демократияға ықпалын зерттеп келеді. Ол ақпараттық қоғамның болашағы, адам еркіндігі мен демократиялық құндылықтарды қорғау мәселелерін көтеріп, цифрлық үстемдікті демократиялық қағидаттармен реттемесек, адамзаттың жо­ғалтары көп екенін ескертеді. Ойшылдың «Демократия технологиялық ал­пауыт­тардың адам өміріне үстемдігін тоқтата ала ма?» деген өзекті мәселеге арналған ойын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Осыдан небәрі жиырма жыл бұрын әлем­дегі ақпараттың төрттен біріне де жетпейтін бөлігі цифрлық форматта еді. Бүгінде цифр­лық технологиялар өміріміздің барлық сала­сы­на енді. Бұл – зор мүмкіндікпен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін жаңа өркениеттің басталуы. Алайда маңызды сұрақтар өте көп. Бо­лашағымызды кім айқындайды? Ақпаратқа кім иелік етеді және оның шынайылығына кім жауап береді?
Бұл сұрақтардың жауабы көптеген елде Google, Facebook, Apple, Microsoft және Amazon секілді технологиялық алпауыттардың қо­лы­на шоғырланды. Біз оларға қоғамды басқару құ­қығын берген жоқпыз. Соған қарамастан, не­бәрі жиырма жылдың ішінде бұл ком­па­ния­лар адамдардың цифрлық технологиялармен қарым-қатынасын айқындайтын жаһандық жүйеге айналды. Жеке деректерді, оларды тал­дау технологияларын және ақпараттық инф­­­рақұрылымды бақылау арқылы өз үстем­дігін орнатты.

Бақылау капитализмі қалай қалыптасты?

1990 жылдардың ортасында интернет кең тарала бастағанда, либералдық демократиялар цифрлық дәуірдің болашағына қатысты тұтас сая­си тұжырымдама жасай алмады. Демок­ра­тия­лық құндылықтар мен жаңа техноло­гия­лар­ды ұштастыратын басқару тетіктерінің қалып­таспауы қоғамдық бақылау саласында бос кеңістік туғызды. Әсіресе, АҚШ-та нарық ер­­­кіндігін шексіз дәріптейтін ұстаным ин­тер­нет кеңістігін жеке компаниялардың иелігіне беруге жол ашты.
Осы мүмкіндікті пайдаланған интернет стар­таптары цифрлық дәуірдің жаңа эко­но­ми­калық моделін – бақылау капитализмін қа­лыптастырды. Компаниялар адамның күн­делікті өміріне қатысты деректерді жинап, өң­деп, коммерциялық мақсатта пайдалана бас­­тады. Жеке мәліметтерді иемдену арқылы олар адамның мінез-құлқын болжауға және сол болжамдарды табыс көзіне айналдыруға мүм­кіндік алды.
Пайдаланушылардың әрекеттеріне қарай жар­нама ұсыну онлайн жарнама индустрия­сын түбегейлі өзгертті. Кейін деректерді жи­нау мен талдауға негізделген модель білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, сауда, автомобиль өндірісі және ауыл шаруашылығы сияқты көп­теген салаға таралды. «Ақылды» өнімдер мен жекелендірілген қызметтердің едәуір бө­лігі де осы жүйеге тәуелді.
Адам туралы деректер негізгі олжаға ай­нал­ған сайын, оларды жинауға мүмкіндік бе­ре­тін құралдар мен қызметтер де көбейе бе­­реді. Интернет парақшалары, кітаптар, му­зы­ка, көліктер, үйлер, ауруханалар, көше­лер­дің карталары, тіпті жаңалықтардың өзі дерек көзіне айналуы мүмкін. Цифрлық кеңістіктегі бел­сенділік артқан сайын ақпарат көлемі ұл­ғайып, адамның мінез-құлқын болжау мүм­кіндігі кеңейеді, ал корпорациялардың та­бы­сы өседі.

Ақпарат тауарға айналғанда

Бізді алаңдататыны – ақпараттың шы­найы­лығы мен қоғамдық маңызының екінші орынға ығысуы. Ауқымды цифрлық жүйелер ақпаратты мазмұнына қарамастан жаппай өн­дірілетін тауар ретінде қарастыруға бейім. Олар мәліметтерді орасан көлемде жинап, та­­рата алады, бірақ шынайы ақпаратты жал­ған деректен ажыратуды басты міндеті санай бермейді.
The Intercept басылымы жариялаған Facebook-тің ішкі құжатында компанияның жасанды интеллект орталығы күн сайын «триллиондаған дерек нүктесін қабылдап», «мыңдаған модель» жасап, әр секунд сайын «алты миллион мінез-құлық болжамын» өн­діретіні айтылған.
Бұл көрсеткіштер цифрлық платформа­лар­дың ақпаратты өңдеу ауқымын аңғартады. Алайда мұндай жүйелер үшін ақпараттың ақи­қатқа сәйкестігінен гөрі оның көлемі мен коммерциялық пайдасы маңызды болуы мүм­кін. Егер бұрмаланған мәлімет адамдардың назарын көбірек аударып, белсенділігін арт­тырса, ол компанияға қосымша табыс әке­леді. Демек, пайдаланушының назарын ау­даруға мүдделі жүйе сол назарды аударған ақпарат­тың шынайылығына жауапкер­ші­лік­пен қарау­ға міндетті бола бермейді.
Мұндай жағдай авторитарлық билік өкіл­деріне, олигархтарға, саяси арандатушыларға, тролль фабрикаларына және жалған ақпарат тарату науқандарын ұйымдастырушыларға тиімді. Олар өздеріне қажетті мәліметтерді жаһан­дық ақпарат ағынына енгізіп, қоғамдық пі­кірге ықпал ете алады.
Осының салдарынан журналистиканың міндеті де күрделене түсті. Ақпаратты тексе­ріп, қоғам алдындағы жауапкершілікті арқа­лай­тын журналистер жалған мәліметтерді жыл­дам тарататын цифрлық жүйелермен бә­секелесуге мәжбүр. Азаматтардың өз пікірін ер­кін қалыптастырып, қоғамдық мәселелерді тәуелсіз талқылайтын кеңістігі әлсірейді. Ал мұндай кеңістіксіз демократияның орнықты дамуы қиын.
Ауызша куәлік дәстүрінен жазба мәдениет­ке, одан журналистиканың «төртінші билік» ре­тінде қалыптасуына дейін ақпарат тари­хын­­дағы әрбір үлкен өзгеріс оның шынайы­лы­ғы мен тұтастығын қамтамасыз ететін та­лаптарды орнықтырды. Қазір жаңалықтар кәсіби журналистика мен қоғамдық қызметті реттейтін нормалар мен стандарттар жүйесі­нен бақылау капитализмінің кеңістігіне ауы­сып, ақиқат пен жалғанды ажырату қиындай түсті. Ақпарат құралдары да өміршеңдігін сақ­тау үшін технологиялық платформалардың та­лаптарына бейімделуге мәжбүр.
Қоғам демократия мен журналистика арасындағы тепе-теңдікті өздігінен сақтала беретін құндылықтардай қабылдап, олардың осал­дығын дер кезінде бағамдай алмады. Со­ның салдарынан өзі таңдамаған цифрлық бо­ла­шақтың қалыптасуын сырттай бақылау­шы болып қалды.

Демократия цифрлық кеңістікті өзгерте ала ма?

Кейінгі жылдары АҚШ-та, Еуропада және әлем­нің басқа аймақтарында технологиялық компанияларға деген қоғамдық сенім әлсіреп, цифрлық кеңістікті реттеу қажеттігіне назар ау­дарыла бастады. Технология саласының кейбір қызметкерлері корпорациялардың әре­кеттерін ашық сынаса, заң шығарушылар жаңа құқықтық тетіктерді қарастыруға кіріс­ті.
Бұл өзгерістердің маңызды көрінісі – 2022 жы­лы Еуропалық Одақтың «Цифрлық қыз­меттер туралы заң» (DSA) жөнінде саяси ке­лі­сімге қол жеткізуі. Мұны цифрлық кеңістікте де­мократиялық құқықтар мен заң үстемдігін ор­нықтыру жолындағы маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Меніңше, цифрлық әлем демократиялық қоғамның қағидат­тары­на бағынуға тиіс.
Алайда заң қабылдаумен шектелуге бол­майды. Ақпараттық кеңістікті қоғамдық мүд­деге сай қайта құрып, жаңа құқықтық қағи­дат­тар мен тиімді бақылау тетіктерін қалып­тас­тыру қажет. Бұл оңай міндет емес, өйткені тех­нологиялық корпорациялар деректерді жи­нау, адамның мінез-құлқын болжау және цифрлық кеңістікке ықпал ету саласында елеу­лі артықшылықтарға ие.
Дегенмен демократияның да өз күші бар. Ол – азаматтардың бірлесіп әрекет етуі, қо­ғам­дық мүддеге сай заң қабылдап, оның орын­далуын қамтамасыз етуі және ортақ құн­дылықтарды қорғауы. Корпорациялардың би­лігі шексіз болмауға тиіс.
Технологиялық дамуды тоқтату мүмкін де, қа­жет те емес. Негізгі міндет – оның бағытын адам құқықтары мен қоғамдық мүддеге сәй­кес­тендіру. Жеке өмірге қол сұқпау құқығын, ақ­параттың шынайылығын және журналис­ти­каның тәуелсіздігін қорғау цифрлық өрке­ниет­тің негізгі қағидаттарына айналуға тиіс.
Адамзат өзі жасаған жүйелерді өзгертуге қа­білетті. Ол үшін қоғам технологиялық үс­тем­дікті өзгермейтін тағдыр ретінде қабыл­да­май, цифрлық болашағын демократиялық жол­мен қалыптастыруға ұмтылуы керек.