Қауіпсіздік пен сапаға басымдық берілген жол

Бүгін, 15:30 / Túrkistan Gazeti

Ақтөбе облысында «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 28 шақырымдық учаскесінде төрт жолақты көлік қозғалысы ашылды. Халықаралық маңызы бар жолдың бұл бөлігін қайта жаңғырту көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба – өңірдегі ірі көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңі.

Ақтөбе облысында халықаралық маңызы бар «Са­мара – Шымкент» автожолының бойындағы 28 шақырымдық учаске қайта жаңғыртылып, пай­далануға берілді. Бұған дейін екі жолақты бол­ған жол енді төрт жолақты қозғалысқа көшті. Со­ның нәтижесінде қарама-қарсы бағытта келе жат­қан көліктердің ағыны бөлініп, жолдың өткізу қа­білетін арттыруға жағдай жасалды.
«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» авто­жо­лы­ның 791-819 шақырым аралығындағы учаскесін пай­далануға беру рәсіміне Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрінің бірінші орынбасары Нұр­лыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Ша­харов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ бас­қарма төрағасы Дархан Иманашев, сондай-ақ жол саласының мамандары мен мердігер ұйым­дар­дың өкілдері қатысты.
­Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жол I техникалық санатқа ауыстырылды. Бұл халық­ара­лық бағыттағы көлік қозғалысын тиімді ұйым­дас­тыруға, жеңіл автомобильдер мен ауыр жүк көлік­терінің қауіпсіз әрі үздіксіз қатынауына мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ бас­қар­ма төрағасы Дархан Иманашев жол құрылы­сы­ның нәтижесін бағалауда оның ұзындығымен қа­тар, қауіпсіздік деңгейіне де басымдық беру қа­жеттігін атап өтті.
– Біз үшін ең маңыздысы – қанша шақырым жол салғанымыз емес, сол жолдың халық үшін қан­шалықты қауіпсіз әрі қолайлы болғаны. Был­тыр осы бағыттағы алғашқы екі жолақпен қоз­ға­лыс­ты ашқан едік. Бүгін төрт жолақтың барлығы пай­­далануға беріліп отыр. Қарама-қарсы бағыт­та­ғы көліктер енді бөлек жүреді. Бұл – күн сайын жеңіл және ауыр жүк көліктері қатынайтын ха­лықаралық жол үшін аса маңызды. Алдағы мақ­сатымыз – 262 шақырымның өн бойында осындай қауіп­сіздік деңгейін қамтамасыз ету, – деді ол.

Құрылыс ауқымы мен атқарылған жұмыс

Қайта жаңғыртылған 28 шақырымдық учас­кеде жол жамылғысының барлық қабаты төселіп, ау­қымды жұмыстар жүргізілді. Құрылыс барысын­да 3,66 миллион текше метр топырақ қазылып, тиіс­ті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар екі кө­пір, екі жол өтпесі және екі көлік айрығы са­лын­ды. Мал айдап өтетін бес өткелді қоса алғанда, су өткізетін 46 құрылыс нысаны тұрғызылды.
Жобаға 490 маман мен 380 бірлік жол-құры­лыс техникасы жұмылдырылды. Құрылыс жұмыс­та­рына 1,4 миллион тоннадан астам қиыршық тас пен 14 мың тонна битум дайындалды. Бұл көр­сет­кіштер учаскені қайта жаңғыртуға қажетті мате­риал­дық-техникалық ресурстардың ауқымын аң­ғар­тады.
Дегенмен жолдың ұзақ жыл бойы сенімді қыз­мет етуі атқарылған жұмыстың көлеміне ғана бай­ланысты емес. Құрылыс материалдарының са­пасы, оларды қолдану технологиясының сақ­талуы және әр кезеңдегі зертханалық бақылаудың жүйелі жүргізілуі де шешуші рөл атқарады. Сон­дықтан жол құрылысына қатысатын мердігер ұйым­дар материалдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге ерекше көңіл бөледі.

Жол сапасы зертханада тексеріледі

Осы бағытта жұмыс істеп жатқан мердігер ұйым­дардың бірі – Sine Midas Stroy ЖШС. Ком­па­ния жанындағы зертханада жол құрылысына пай­даланылатын топырақтың, қиыршық тастың, ас­фальт қоспасы мен битумның сапасы тексеріледі. Мұн­дай бақылау құрылыс материалдарының тех­никалық талаптарға сәйкестігін анықтап, жол тө­семінің беріктігі мен төзімділігін қамтамасыз ету­ге бағытталған.
Зертхана басшысы Жәнібек Медетовтің ай­туын­ша, карьерлерден жеткізілген топырақтың мак­сималды тығыздығы мен оңтайлы ылғал­ды­лығы анықталады. Бұл көрсеткіштер топырақты жол құрылысына дұрыс пайдалануға және қажетті деңгейде нығыздауға мүмкіндік береді.
Қиыршық тастың сапасы да бірнеше өлшем бойын­ша бағаланады. Оның 10-20 және 5-10 мил­лиметрлік фракциялары арнайы електер арқылы тек­серіліп, тығыздығы мен аязға төзімділігі зерт­теледі. Өйткені жол төсемінің беріктігіне қол­да­нылатын материалдардың қасиеттері тікелей әсер етеді. Әсіресе, ауа райы құбылмалы, температура айыр­масы едәуір болатын өңірлерде материал­дар­дың сыртқы орта әсеріне төзімді болуы маңызды.
Асфальт қоспалары мен төселген жолдан алын­ған керн үлгілері арнайы престер және ва­куум­дық қондырғының көмегімен сыналады. Зерт­ханалық сынақтар арқылы материалдардың бел­гіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Со­н­ымен бірге мамандар битумның температура әсе­ріне төзімділігін, созылғыштығы мен тығыз­ды­ғын тексереді. Бұл көрсеткіштер жол жамылғы­сы­ның пайдалану кезіндегі беріктігін бағалауға мүмкіндік береді.
– Белгіленген талапқа сәйкес келмейтін ма­те­риал­дар сұрыпталып, құрылысқа пайдаланыл­май­ды. Мұндай бақылау жол төсемінің сыртқы әсер­лерге төзімділігін арттыруға бағытталған, – дейді Жәнібек Медетов.
Қазір зертханада 10 маман жұмыс істейді. Олар­дың негізгі міндеті – құрылыс материал­дары­ның сапасын тұрақты тексеріп, жол төсемінің берік­тігіне қойылатын талаптардың орындалуын ба­қы­лау. Зертханалық сынақтардың нәтижесі құ­ры­­лыс барысында қолданылатын материалдар­дың сапасын бағалауға және талапқа сай кел­мей­тін өнімдерді дер кезінде анықтауға көмектеседі.
Осылайша, жол сапасын қамтамасыз ету жұ­мыстары құрылыс алаңындағы бақылаумен ғана шек­телмейді. Материалдарды зертханалық тек­серуден өткізу, олардың физикалық қасиеттерін ба­ға­лау және белгіленген технологиялық талап­тар­ды сақтау – нысанның ұзақмерзімді қызмет етуіне ықпал ететін негізгі шарттардың бірі.

262 шақырымдық жобаның жалғасы

Пайдалануға берілген 28 шақырым – «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаң­ғыртуға арналған жалпы ұзындығы 262 ша­қырымдық жобаның бір бөлігі. Жоба аясында бү­кіл бағытты кезең-кезеңімен төрт жолаққа кеңей­тіп, I техникалық санатқа көшіру көзделген. Қал­ған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалға­сып жатыр.
Бұл бағыттың көлік-логистикалық маңызы зор. Ол Ақтөбе мен Қызылорда қалаларын бай­ла­ныс­тыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лық­аралық көлік дәлізінің дамуына ықпал етеді. Жол инфрақұрылымын жаңғырту өңіраралық қа­тынасты жақсартып, жүк тасымалының тиім­ділігін арттыруға, халықаралық бағыттағы көлік қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жаңартылған учаскенің ашылу рәсімінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұр­лы­бек Нәлібаев батыс өңірлердегі ірі жол жоба­лары­ның стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биыл тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында үш ірі жол жобасының құрылысы басталған. Олардың қа­тарында «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Ұлғайсын – Сек­сеуіл» және «Сексеуіл – Қызылорда» бағыттары бар. Сонымен қатар Сексеуіл мен Бейнеу аралы­ғын­дағы құмды алқап арқылы өтетін жаңа жол салынуда.
Аталған үш жобаға жалпы көлемі 3 триллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, 1 900 шақырымнан астам жол салу жоспарланған. Жобаларды алдағы үш жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгілен­ген мерзімде орындаумен қатар, мүмкіндігінше мерзімінен бұрын аяқтау міндеті қойылған.
Бұл бастамалар батыс өңірлердің көлік ин-фра­құрылымын кешенді дамытуға бағытталған. Жаңа жолдар мен жаңғыртылған учаскелер ай­мақтар арасындағы байланысты нығайтып, жо­лаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай жа­сауға тиіс. Сонымен бірге халықаралық тран­зит­тік бағыттардың әлеуетін арттырып, елдің кө­лік-логистикалық жүйесін дамытуға серпін бере­ді.

Жол сапасына қойылатын талап күшейеді

Қазақстанда жол құрылысының көлемін ұлғайтумен қатар, оның сапасына қойылатын талаптарды күшейтуге де басымдық беріліп отыр. Үкімет тапсырмасымен құрылған арнайы ко­миссия құрылыс материалдарының сапасын, со­ның ішінде битум мен қиыршық тастың бел­гілен­ген талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ ауыр жүк кө­ліктерінің жолға түсіретін салмағын реттеу мә­селелерін қарастырады.
Комиссия құрамына ғалымдар, жол саласының ма­мандары, тиісті мекемелердің басшылары мен де­путаттар енгізілген. Оның жұмысы жол құ­ры­лысы мен пайдалануға қатысты өзекті мәселелерді тал­дап, сапаны қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды пысықтауды көздейді.
Жол жамылғысының мерзімінен бұрын бү­лінуіне құрылыс материалдарының сапасы ғана емес, көлік салмағының белгіленген шектен асуы да әсер етуі мүмкін. Сондықтан жол инф­ра­құры­лы­­­мын қорғау үшін құрылыс кезінде сапа талап­та­­рын сақтау және пайдалануға берілгеннен кейін­­гі жүктемені реттеу мәселелері өзара сабақ­тас­тықта қарастырылуы қажет.
– Президент жол сапасын жақсартуды тапсыр­ды. Біз де осы бағыттағы жұмысты күшейтіп жа­тыр­мыз. Жолдың сапасына, қолданылатын мате­риал­дарға және көлік салмағына қойылатын та­лап күшейеді. Біздің мақсатымыз – сапалы жол са­лып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларын азай­тып, адам өмірін сақтау, – деді Нұрлыбек Нәлі­баев.
Қыс мезгілінде жолда қалып қойған жүргізу­ші­лерге көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қал­ған жоқ. Осы мақсатта арнайы техника мен құт­қару құралдары сатып алынуда. Мұндай жаб­дықтар ауа райы күрт нашарлаған кезде, қарлы боран мен көктайғақ салдарынан жолда қиын­дық­қа тап болған азаматтарға жедел көмек көрсе­туге мүмкіндік береді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек құрылыс са­пасымен шектелмейді. Қысқы кезеңге дайындық, жол бойындағы жағдайды бақылау және төтенше ахуал кезінде тиісті қызметтердің жедел әрекет етуі де маңызды. Сондықтан жолдарды жаңғырту жұ­мыстары қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыру іс-шараларымен қатар жүргізілуге тиіс.

Ақтөбе облысындағы жол жұмыстарының барысы

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жа­тыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының басшысы Айбол Да­нағұловтың мәліметінше, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырымды құрайды.
Бүгінге дейін 578 шақырым жолдағы жұмыс аяқ­талған. Оның 326 шақырымы қайта жаң­ғыр­тыл­са, 252,59 шақырымына орташа жөн­деу жүр­гізіл­ген. Қазір 1 122,5 шақырым жолда құрылыс жә­не жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның 856 ша­қы­ры­мында қайта жаңғырту, ал 266,5 ша­қырымында ор­таша жөндеу жұмыстары атқа­рылу­да.
Сонымен қатар Жем өзенінің бойындағы 92+100 шақырымда және Қауылжыр өзенінің бойын­дағы 219 шақырымда орналасқан көпір­лерге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл нысандардың жағдайын жақсарту жол инфрақұрылымының се­нім­ділігін арттыруға және көлік қозғалысының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл соңына дейін облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының кемінде 88 пайы­зының жағдайын жақсарту жоспарланған. Бұл міндетті Ақтөбе облысының әкімдігі, тиісті ми­нистрлік және «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­па­ния­сы бірлесіп жүзеге асырады.
Жоспарланған жұмыстардың ауқымы облыс­та­ғы жол желісін жаңғыртуға кешенді көзқарас қажет екенін көрсетеді. Бір жағынан, халықаралық маңызы бар негізгі бағыттардың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігі арттырылса, екінші жағынан, қол­даныстағы жолдар мен көпірлерді жөндеу арқылы инфрақұрылымның жалпы жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

Нәтиже сапамен өлшенеді

«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолы­ның 28 шақырымдық учаскесінде төрт жолақты қозғалыстың ашылуы – жалпы ұзындығы 262 ша­қырымды құрайтын қайта жаңғырту жобасы­ның маңызды кезеңі. Алда қалған учаскелерді бел­гіленген талаптарға сай жаңғыртып, бүкіл ба­ғыттың қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттыру мін­деті тұр.
Жол құрылысының тиімділігі пайдалануға бе­рілген шақырым санымен ғана бағаланбайды. Оның қаншалықты берік, қауіпсіз және ұзақ мер­зім қызмет ететіні де маңызды. Бұл үшін сапалы құрылыс материалдарын пайдалану, тех­но­логия­лық талаптарды сақтау, зертханалық бақылауды жүйелі жүргізу және ауыр жүк көліктерінің жолға түсіретін салмағын реттеу қатар жүзеге асырылуы қажет.
Халықаралық көлік дәліздерінің дамуы елдің өңіраралық байланысына, жүк тасымалына және транзиттік әлеуетіне тікелей ықпал етеді. Сон­дық­тан жолдарды жаңғырту барысында қозғалыс қауіп­сіздігіне, құрылыс сапасына және инфра­құры­лымды күтіп ұстауға бірдей мән беру қажет.
Ақтөбе облысындағы жұмыстардың түпкі мақ­саты да осыған саяды: көлік қозғалысына қо­лайлы жағдай қалыптастыру, жол-көлік оқи­ғаларының қаупін азайту және салынған инф­ра­құрылымның ұзақ жыл бойы сенімді қызмет етуін қамтамасыз ету. Бұл міндеттің орындалуы құры­лыс қарқынымен қатар, сапаны бақылау мен пайдалануға берілген жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстауға байланысты.

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе