Ғылымға серпін беріп, зерттеушіні бюрократия бұралаңынан босатуды көздеген мемлекеттік бастамалар қағаз бетінде қаншалықты пәрменді көрінгенімен, шынайы өмірде Бюджет кодексінің тар шеңбері мен әкімшілік кедергілерге тіреліп тұр. Президенттің ғылыми гранттар мерзімін бес жылға дейін ұзарту жөніндегі тапсырмасы заңнамалық тұрғыдан бекітілгенімен, Ғылым және жоғары білім министрлігі басым жобаларды бұрынғыша үш жылдық қысқа циклмен шектеуден арыла алар емес. Соның салдарынан ауқымды іргелі зерттеулер жарты жолда үзіліп, ғылыми орта «тез жазылатын үстірт мақалалар» синдромына бой алдыруда. Ал ресми уәде мен нақты тәжірибе арасындағы бұл жүйелі алшақтық отандық ғылымның болашағына қалай әсер етіп жатыр?
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында ғылымды қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл отандық ғылымды дамытуға бағытталған шешуші кадам болды. Бастаманың түпкі мақсаты – ғалымдарға ұзақ зерттеу жүргізуге жағдай жасау, жыл сайын қағаз тасып, конкурс қуалайтын бюрократиядан арылту және ел үшін стратегиялық мәні бар нәтижеге қол жеткізу. Реформа заңнамалық деңгейде жасалғанымен, ресми ұстанған бағыт пен нақты өмірдің арасында алшақтық әлі де сақталып отыр.
2024 жылғы шілдеде қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңының 34 және 36-баптарында ғылыми әрі ғылыми-техникалық қызметті қаржыландырудың формалары мен тетіктері көрсетілді. Мұндағы 36-бапта гранттық қаржыландыру мерзімі бес жылға дейін берілетіні шегелеп жазылған. Демек, уәкілетті орган – Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми конкурстарды бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімде жариялауға толық құқылы. Бірақ заңдағы норма міндетті талап емес, «бес жылға дейін» деген созылмалы шекпен берілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті өткізген негізгі конкурстардың басым бөлігі, атап айтқанда, іргелі және қолданбалы зерттеулер, «Жас ғалым» жобалары мен коммерцияландыру гранттары 2022-2026 жылдары бұрынғыдай үш жылдық циклмен өтті.
Аталған мәселені Құрылтай депутаттары күн тәртібіне қойып отыр. Осы аптада «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбекке және Қаржы министрі М.Такиевке Президенттің ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімдерін ұлғайту жөніндегі бастамасының нақты орындалуына қатысты депутаттық сауалын жолдады.
– Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, заңмен бекітіліп, арада төрт жыл уақыт өткенімен негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық мерзіммен өткізіліп келеді. Мәселен, 2022-2024, 2023-2025, 2024-2026, 2025-2027 және 2026-2028 жылға арналған конкурстар үш жылдық циклмен ұйымдастырылды.
Ең өкініштісі – осы күнге дейін ғалымдар осы үш жылды да толық пайдалана алмай келді. Өйткені конкурс өтеді, сараптама жасалады, Ұлттық ғылыми кеңес шешім қабылдайды, шарт жасалады. Осы рәсімнің бәріне уақыт кетеді. Нәтижесінде, ғылыми жұмыстың нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда зерттеу жұмысына 2-2,5 жылға ғана жетеді. Бұл – жай ғана әкімшілік кідіріс емес. Бұл – іргелі зерттеулердің қарқынын баяулатады. Әсіресе, биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология, климатология, физика, химия, материалтану және инженерия саласы үшін өзекті. Мұндай зерттеуге ұзақ бақылау, бірнеше маусымдық цикл, технологияны сынау және ғылыми жарияланымға уақыт қажет. Ал ғалымға уақыт жетпесе, ол тәуекелге бармайды. Ұзақ зерттеуден қашады. Тез нәтиже беретін жобаны таңдайды. Осылайша, ғылымнан үлкен нәтиже күтеміз. Бірақ сол нәтижеге жетуге ғалымдарға қажетті уақытты өзіміз бермей отырмыз, – деді Лаура Қарабасова.
Депутат сөзінің жаны бар. Қазіргі қалыптасқан қысқамерзімді қаржыландыру форматы ғылымның барлық саласына бірдей әсер етпейді. Әсіресе, ұзақ уақытты, табиғи циклдерді, күрделі инженерлік сынақтарды талап ететін бағыттар дағдарысқа ұшырап отыр.
Экология мен климатология саласындағы жүйелерді, климаттық өзгерістерді зерттеу процесін бір немесе үш жылдық тар шеңберге сыйғызу мүмкін емес. Экожүйенің динамикасын, антропогендік әсерлерді нақты бағалау үшін кемінде 5-10 жылдық үзіліссіз мониторинг қажет. Алайда үш жылдық жоба аясында ғалымдар қаржыландырудың соңғы жылында есеп беру, құжаттарды жаппай тапсыруға кірісіп кетеді де, ұзақмерзімді қадағалау жұмыстары үзіліп қалады.
Ауыл шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында да жағдай мәз емес. Мұнда жаңа сорттарды шығару, топырақ құнарлылығын зерттеу, ветеринариялық препараттарды сынақтан өткізу тікелей табиғи маусымдық циклге тәуелді. Дәнді дақылдардың, жеміс-жидектердің өнімділігі мен климаттық төзімділігін тексеру үшін кемінде 3-4 вегетациялық маусым, яғни жыл қажет. Үш жылдық грант аясында ғалымдар тек екі маусымның нәтижесін бақылап үлгереді де, үшінші жылы қаржының таусылуына байланысты тәжірибені жарты жолда тоқтатуға мәжбүр болады.
Биомедицина мен фармакология бағытында да ұқсас қиындықтар бар. Жаңа дәрілік заттарды жасау, клиникаға дейінгі зерттеулер, жасушалық биология, генетикалық тәжірибелер өте көп сатылы, ұзақ процестерді талап етеді. Жануарларға жүргізілетін ұзақмерзімді тәжірибелер мен олардың ағзасына тигізетін кері әсерін бақылаудың өзі бірнеше жылға созылады. Бір анығы, үш жыл ішінде жаңа молекула немесе препаратты өндіріске енгізу, болмаса толыққанды медициналық жаңалық ашу мүмкін емес.
Физика, химия, материалтану салаларында жаңа наноматериалдарды, жартылай өткізгіштерді немесе катализаторларды синтездеу, олардың физика-химиялық қасиеттерін әртүрлі температуралық, қысымдық режимдерде ұзақмерзімді сынау, соның ішінде тозуға әрі коррозияға төзімділігін анықтау көп уақытты алады. Оның үстіне, электронды микроскоптар мен хроматографтар сияқты күрделі ғылыми жабдықтарды шетелден сатып алу, жеткізудің өзі логистикалық кедергілерге байланысты 6-12 айға созылып, зерттеуге қалатын нақты жұмыс уақытын 1,5-2 жылға дейін қысқартып тастайды.
Инженерия мен өндірістік технологияларда инженерлік шешімдерді әзірлеп қана қоймай, оны тәжірибелік үлгіде жасап шығару, өндірістік жағдайда сынақтан өткізу, сертификаттау, қателерді жөндеу ұзақ уақытты қажет етеді. Үш жыл ішінде инженерлер теориялық макет пен патент деңгейінен әрі аса алмайды. Нәтижесінде, әзірленген технологиялар нақты экономикаға трансферт жасала алмай, қағаз жүзінде қалып қояды.
«Ғылымға уақыт беру – сапалы ғылыми нәтижеге жол ашу» дейді ұзақ жыл ғылыми зерттеулер жүргізіп келе жатқан ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, қауым-дастырылған профессор Гүлбану Жақсылықова.
– Ғылыми зерттеу – белгілі бір мерзім ішінде міндетті түрде дайын нәтиже беретін өндірістік процесс емес. Әсіресе, химия және химиялық технология саласында жаңа каталитикалық жүйелерді әзірлеу, химиялық реакциялардың жүру заңдылықтарын зерттеу, оңтайлы технологиялық жағдайларды анықтау және алынған нәтижелерді тәжірибелік тұрғыдан дәлелдеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мысалы, жаңа катализаторды зерттеу барысында алдымен оның құрамын таңдаймыз, кейін тәжірибелер жүргіземіз, алынған өнімдердің құрамын заманауи аналитикалық әдістермен анықтаймыз. Одан кейін нәтижелердің қайталанымдылығын тексеріп, ғылыми тұрғыдан негіздейміз. Ал зерттеу нәтижесін өндірістік технологияға айналдыру үшін қосымша уақыт пен қаржыландыру қажет.
Қазір гранттық қаржыландыру конкурстарының басым бөлігі үш жылдық мерзімге ұйымдастырылып келеді. Оның үстіне конкурстық рәсімдер мен келісімшарттарды рәсімдеуге уақыт жұмсалуы ғылыми жұмыстардың нақты орындалу мерзіміне әсер етеді.
Бес жылдық қаржыландыру ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, күрделі әрі ұзақмерзімді ғылыми міндеттерді шешуге және зерттеу нәтижелерін практикалық қолданысқа енгізуге қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми жобаларды іргелі және қолданбалы бағыттар бойынша бөлек қаржыландыру мәселесін де қарастырған жөн, – дейді Гүлбану Жақсылықова.
Ғалымның айтуынша, іргелі ғылымның негізгі мақсаты – жаңа ғылыми білім қалыптастыру, ал қолданбалы зерттеулер нақты технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге бағытталады. Сондықтан олардың нәтижелерін бағалау көрсеткіштері мен іске асыру мерзімдері де ерекшеленуге тиіс.
– Ғылыми гранттардың мерзімін ұзартумен қатар, жобалардың үздіксіз қаржыландырылуын қамтамасыз ету, зерттеу жұмыстарының мерзімін келісімшарт жасалған күннен бастап есептеу және ғылыми нәтижелерді бағалаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды. Ғылымға бөлінген қаржы ғана емес, ғалымға берілген уақыт та маңызды ресурс.
Сонымен қатар іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек өткізуді қолдаймын. Себебі бұл екі бағыттың мақсаттары, зерттеу әдістері мен күтілетін нәтижелері әртүрлі. Іргелі зерттеулер жаңа ғылыми білім қалыптастыруға бағытталғандықтан, олардың нәтижесін алу үшін ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін. Ал қолданбалы зерттеулер нақты өндірістік және технологиялық мәселелерді шешуге бағытталады. Сондықтан оларды бірдей талаптар мен бағалау өлшемдері бойынша қарастыру әрдайым тиімді бола бермейді. Конкурстарды бөлек ұйымдастыру әр бағыттың ерекшелігін ескеруге, ғылыми жобаларды әділ бағалауға және қаржыландырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп есептеймін, – дейді химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлбану Жақсылықова.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова ғалымдардың бас ауруына айналған гранттық қаржыландыру мерзімдерін ұлғайту туралы депутаттық сауалында мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.
– Бюджетті сылтау ете алмаймыз. Себебі бес жылдық жобаның төртінші және бесінші жылына қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік циклде жоспарлауға мүмкіндік бар. Яғни, ғылымды дамытуға заң да бар. Қаржы тетігі де бар. Құқықтық мүмкіндік те бар. Бірақ министрлік әлі де үш жылдық модельден бас тартпай отыр. Мәселе – мемлекеттік тапсырманы сапалы орындауда. Мәселе – нақты басқарушылық шешім шығаруда. Ғылымға уақыт бермей, одан үлкен нәтиже талап етуге болмайды. Сондықтан министрліктен 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізуді; іргелі ғылым үшін бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізуді және жобаның толық 60 айлық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекітуді; төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік циклдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізуді; жалпы қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек өткізуді ұсынамын, – деді.
Ғалымдарға толыққанды зерттеу жүргізуге уақыт бермейінше, олардан ел экономикасы мен болашағына серпін беретін ірі жаңалықтар мен фундаменталды нәтижелерді талап ету – бос әурешілік. Бүгінде Құрылтайдан бастап ғылыми ортаға дейін көтеріліп жатқан бұл мәселе тек әкімшілік мерзімді ұзарту емес, отандық ғылымның сапалық деңгейге көтерілуін айқындайтын басты шарт. Егер ғылымды қаржыландыру тетіктері қайта қаралып, іргелі зерттеулерге толық бес жылдық мүмкіндік берілмесе, миллиондаған қаржы бөлінгенімен, қағаз бетіндегі есептер мен үстірт мақалалардан әрі аса алмаймыз. Ел дамуына өрелі үлес қосатын шынайы ғылыми серпіліс – уақытпен санаспайтын ізденіс пен тұрақты қолдау бар жерде ғана туады.
Бетті дайындаған
А.БИМЕНДІ