Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында еліміздің дамуына үлес қосқан 2 мыңнан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталатынын мәлімдеді. Олардың қатарында білім, ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, жұмысшы мамандар, еңбек ардагерлері және кәсіпкерлер бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы айтулы күнде біз Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетеміз.
Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады.
Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет.
Бүгін аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады.
Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады.
Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады.
Бәріңізге құтты болсын!», – деді Президент.
Президент жиын соңында барша қазақстандыққа ризашылығын білдіріп, Республика күнімен құттықтады.
«Еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі.
Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!», – деді Қ. Тоқаев.