Президент «Таза Қазақстан» қозғалысының маңызын атап, еңбек адамдарын марапаттады

Бүгін, 13:29 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында жұмысшы мамандық иелерінің еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып жүргенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады.

Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды.

Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе.

Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс.

Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға «Құрмет» ордені беріледі.

Ал «Астана орманы» ұйымында табысты жұмыс істеп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады», – дейді Президент.