Қасым-Жомарт Тоқаев: Біздің тарихымыз – мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі

Бүгін, 13:24 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында бұл мерекенің күллі халықты біріктіретін жалпыұлттық мәніне тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.

Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік.

Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды.

Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті.

Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс.

Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі.

Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады», – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Әбдірашит Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлім етті.

«Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық.

Солардың бірі «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері – Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов.

Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр.

Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде.

Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент бірқатар мәдениет, өнер және білім саласының өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр.

Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын.

Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауды ұйғардым.

Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр.

Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі.

Сондай-ақ руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі.

Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық.

Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.

Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталады», – деді Қ.Тоқаев.