Қазақстанның бірқатар өңірінде 24–26 қазан күндері қалың қар, боран, көктайғақ және түнгі үсік күтіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Синоптиктердің болжамынша, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауын-шашын болады. Шығыста 24 қазанда қар жауады деп болжанса, Қарағанды облысында 24 және 26 қазанда қар жауады. Маңғыстау облысында аздаған жаңбыр жауып, күндіз найзағай ойнап, шаңды дауыл соғуы мүмкін.
24 қазанда елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында қалың қар жауып, боран соғады деп болжанып отыр. Ал батыс, солтүстік-батыс өңірлерінде және Ұлытау облысында жауын-шашын күтілмейді.
Республика аумағында тұман түседі. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде көктайғақ болуы мүмкін. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнде 1–8 градусқа дейін үсік жүреді деп болжануда.
Ауа температурасы қандай болады?
Қазақстанның батысында күндіз ауа температурасы +11…+18 °С аралығында болады.
Елдің солтүстігінде түнгі ауа температурасы біртіндеп -4…-10 °С-тан 0…+5 °С-қа дейін көтеріледі. Күндіз ауа температурасы +2…+7 °С-тан +6…+11 °С-қа дейін өзгереді.
Орталық өңірлерде түнде -2…-10 °С аяз болады деп болжануда. Күндіз ауа температурасы біртіндеп 0…+5 °С-тан +5…+12 °С-қа дейін көтеріледі.
Елдің шығысында түнде -5…-10 °С, ал таулы аймақтарда -13…-18 °С-қа дейін аяз болады. Күндіз ауа температурасы -5…+5 °С аралығында сақталады.
Қазақстанның оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +8…+15 °С болады.
Оңтүстік-шығыста күндіз ауа температурасы біртіндеп +2…+7 °С-тан +6…+12 °С-қа дейін көтеріледі. Таулы аймақтарда ауа температурасы -1…-6 °С шамасында болады.