Ғалымдар 80 жастағы адамның жасушаларын 20 жасқа дейін жасартып, ерекше тәжірибе жасаған

22 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Германия ғалымдары зертханалық тәжірибе барысында адам жасушаларының биологиялық жасын 60 жылдан астам уақытқа кері қайтара алды. Зерттеушілер 80 жастағы адамның қан жасушаларын молекулалық көрсеткіштері 20 жасқа толмаған адамның жасушаларына сәйкес келетін жүйкелік дің жасушаларына айналдырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерекше тәжірибені Германиядағы Бонн университеті мен Бонн университеттік клиникасының ғалымдары жүргізді. Зерттеу нәтижелері халықаралық Aging Cell ғылыми журналында жарияланды.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық жасушалардың қартаю механизмдерін тереңірек түсінуге және жас ұлғайған сайын пайда болатын ауруларды зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.

Ғалымдар тәжірибе үшін 80 жастағы адамның қан түзуші жүйесіндегі жетілмеген жасушаларды пайдаланған. Арнайы зертханалық әдістің көмегімен оларды болашақта жүйке жасушаларына айнала алатын дің жасушаларына қайта бағдарламалаған. Зерттеушілер осы өзгеріс барысында жасушалардың тек атқаратын қызметі ғана емес, молекулалық жасы да айтарлықтай өзгергенін байқаған.

Жасушалардың жасын анықтау үшін ғалымдар "эпигенетикалық сағат" деп аталатын ғылыми тәсілді қолданған. Бұл әдіс ДНҚ-дағы жасқа байланысты өзгеретін химиялық белгілерді талдауға негізделген. Нәтижесінде 80 жастағы донордан алынған жасушалардың молекулалық көрсеткіштері 20 жасқа толмаған адамдардың жасушаларына сәйкес келген. Яғни зертханалық жағдайда жасушалардың биологиялық жасы 60 жылдан астам уақытқа төмендеген.

Бонн университетінің реконструктивтік нейробиология институтының директоры, профессор Оливер Брюстленің айтуынша, бұл тәжірибенің басты ерекшелігі – жасушаларды қайта бағдарламалаудың жаңа тәсілі. Бұған дейін мұндай өзгеріс жасау үшін ғалымдар жасушаларды алдымен әртүрлі ұлпаға айнала алатын плюрипотентті дің жасушаларына айналдыратын. Ал жаңа зерттеуде мамандар осы аралық кезеңді қолданбаған. Қан жасушалары бірден жүйкелік дің жасушаларына қайта бағдарламаланған.

Соның нәтижесінде жасару процесі бірден емес, біртіндеп жүрген. Зерттеушілер өзгерістерді 100 күннен астам уақыт бойы бақылай алған. Тәжірибенің шамамен 50-күніне қарай жасушалардың молекулалық жасы 60 жылға жуық төмендеген. Бұл ғалымдарға жасушалардың қалай жасаратынын кезең-кезеңімен бақылауға мүмкіндік берді.

Тэгтер:

ғалым