Қазақстан футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге үміткер атанды

22 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
UEFA

Қазақстан 2030 жылы футзалдан Еуропа чемпионатын қабылдауға үміткер елдердің қатарына қосылды. Қазақстан футбол федерациясы құрлықтық додаға қожайын болу үшін ресми түрде өтінім берді. Еліміз турнирді өткізу құқығына таласта тағы алты мемлекетпен бәсекелеседі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) мәліметінше, 2030 жылғы Еуропа чемпионатын ұйымдастыруға қызығушылық танытқан мемлекеттердің саны рекордтық көрсеткішке жеткен.

Қазақстаннан бөлек, турнирді өткізуге Испания, Хорватия, Франция, Финляндия, Грузия және Польша ниет білдірген.

Осылайша, футзалдан Еуропа чемпионатын қабылдау құқығына барлығы жеті мемлекет таласады.

Еуропа чемпионатының өтетін орны қашан белгілі болады?

УЕФА бекіткен талаптарға сәйкес, үміткер елдер турнирді ұйымдастыруға қатысты соңғы өтінімдерін 2027 жылғы 8 маусымға дейін тапсыруы тиіс.

Бұл құжаттарда спорттық инфрақұрылым, жарыс өткізілетін ареналар, командаларды орналастыру және чемпионатты ұйымдастыруға қажетті басқа да мәселелер қамтылады.

Ал 2030 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатын қабылдайтын ел 2027 жылдың қыркүйегінде анықталады.

Тэгтер:

Футзал