22 қазанда Ақтау – Стамбұл бағытындағы алғашқы әуе рейсінің ашылу рәсімі өтті. FlyArystan әуе компаниясы жүзеге асыратын рейстер 27 қазаннан бастап тұрақты негізде аптасына екі рет орындалады, деп хабарлайды turkystan.kz
FlyArystan әуе компаниясының маркетинг басқармасының басшысы Алия Баженованың айтуынша, Ақтау – Стамбұл бағыты өңірдің халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Рейс жолға шығатын жолаушылар үшін де, Маңғыстауға келетін туристер үшін де маңызды. Билет құны 35 мың теңгеден басталады, ал ұшу ұзақтығы шамамен үш жарым сағатты құрайды.
– Бүгінгі рейсіміз – Ақтау – Стамбұл бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының жаңартылған рейсі. Бұл – Ақтаудан биылғы жылдың соңына дейін компания жүзеге асыратын алтыншы халықаралық бағыт. Жыл соңына дейін жетінші халықаралық бағыт Ақтау – Ереван рейсін де ашу жоспарланып отыр. Біз Стамбұл бағытын Ақтау қаласын Қазақстанның батысындағы халықаралық авиация орталығы ретінде дамыту жолындағы маңызды қадам деп санаймыз, - деді Алия Баженова.
Рейстер сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Сейсенбіде ұшақ Ақтаудан сағат 08:40-та ұшып, Стамбұлға 10:35-те қонады. Кері рейс 11:40-та Стамбұлдан шығып, Ақтауға 17:05-те жетеді. Сенбі күні Ақтаудан ұшу уақыты - 08:35, Стамбұлға қону - 10:30. Кері рейс 11:15-те ұшып, Ақтауға 16:40-та келеді. Уақыт көрсеткіштері әуежайлардың жергілікті уақытымен берілген.
Маңғыстау облысында тікелей халықаралық әуе қатынасын кеңейту өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және шетелдік саяхатшылар үшін табиғи әрі тарихи-мәдени нысандардың қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазір FlyArystan Ақтаудан Кутаиси, Баку, Дубай, Батуми және Үрімші қалаларына халықаралық рейстер орындайды. Ыстамбұл бағытының қосылуы әуе компаниясының халықаралық бағыттар желісін толықтырады.
Билеттерді FlyArystan әуе компаниясының ресми сайты мен мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.