Жамбыл облысында кассирді қорқытып, дүкендегі бөтелкені сындырған азамат қамауға алынды

Бүгін, 17:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының Шу аудандық соты жанармай құю станциясында ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша азамат А-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың тамыз айында түнгі уақытта ер адам Шу қаласындағы «Б.» жанармай құю станциясының жанындағы дүкенге келген. Ол масаң күйінде кассир болып жұмыс істейтін таныс әйелге дөрекі сөйлеп, сөреде тұрған сусын бөтелкесін сындырған. Осылайша, өзінің мінез-құлқымен қоғамдық тәртіпті және басқалардың тыныштығын бұзған.

Сотта ер адам кінәсін толығымен мойындап, бұл әрекеттерін қызғаныштан жасағанын түсіндірді.

Сот кінәні толық мойындауды жеңілдететін мән-жай ретінде, ал масаң күйде құқық бұзушылық жасауды ауырлататын мән-жай ретінде таныды.

Сот қаулысымен азамат А. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге қамаққа алу тағайындалды. Сонымен қатар, оған айына екі рет профилактикалық әңгімелесу үшін учаскелік полиция пунктіне келуге міндеттеме алып, 3 айға алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Дүкен Жамбыл облысы кассир бөтелке