Алматыда тұрғын үйде жарылыс болып, екі бала зардап шекті

Бүгін, 16:28 / Алуа Арман

Алматы қаласындағы Esentai City тұрғын үй кешеніндегі үш қабатты үйде жарылыс болды. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео мен фотосуреттер жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, олар қатты соққыға ұқсас дыбысты естіп, алғашында жер сілкінді деп ойлаған. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге қарағанда, жарылыс толқынынан терезелер сынған, үш пәтерге зақым келген. Қазір оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр.

Алматы қаласының әкімдігі оқиғаның бүгін, 22 қазанда, Қаппаров көшесінде болғанын растады.

«22 қазанда Алматы қаласының Медеу ауданындағы Қаппаров көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының тұтанусыз жарылысы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған табиғи газдың таралуы себеп болуы мүмкін. Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Оларды тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйлеріне жіберді. Ауруханаға жатқызу қажет болмады», – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта жауапты қызметтер оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Тэгтер:

Бала Алматы өрт Жарылыс Тұрғын үй