Ұлттық банк асыл тасы бар AQYQ коллекциялық монетасының айналымға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Банктің мәліметінше, дайындау таралымы – 5 мың дана. Сату 27 қазанда басталады.
AQYQ атауы әшекейлер мен сәндік бұйымдар жасауда қолданылатын халцедон тобындағы жартылай асыл тастарды білдіретін «ақық» сөзінен шыққаны атап өтіледі.
«Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді: зерделі сіркелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа бауын тағуға мүмкіндік беретін арнайы баулық қарастырылған», - делінген хабарламада.
925 сынамалы күмістен дайындалған монетаға ақық тасы қондырылған. Оның массасы – 20 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – antique silver.
«Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдегі барлық банкте банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады», - делінген хабарламада.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.