30 жастағы ер адам ресми сайттан екі билет сатып алып, олардың деректемелерін өзгерту арқылы жалған жасап, Threads әлеуметтік желісінде концертке билеттерді сату туралы хабарландырулар орналастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Хабарландыруға екі азамат, оның ішінде кәмелетке толмаған адам да жауап берген. Олар сатушыға 50 және 40 мың теңге аударған.
Ақшаны алған соң, ер адам сатып алушыларды бұғаттап, байланысқа шығуды тоқтатқан.
Жалпы залал 90 мың теңгені құрады.
Сот үкімімен залалдың өтелуін және кінәні толық мойындауын ескере отырып, оған бүкіл кезеңге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы билеттерді тек ресми көздер арқылы сатып алуға және әлеуметтік желілердегі таныс емес сатушыларға ақша аудармауға шақырады.