Алматылық шахматшылар Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында өткен ФИДЕ-нің жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
13 жасқа дейінгі санатта Данис Қуандықұлы алтын медаль иеленді. Ол 11 ұпайдың 10,5-ін жинап, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бұған дейін спортшы 2023 және 2025 жылдары әлем біріншілігінде жеңіске жеткен болатын.
15 жасқа дейінгі санатта Алдияр Жарас 11 ұпайдың 8-ін жинап, күміс медаль жеңіп алды. Ал 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Мария Холявко 8,5 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.
Чемпионатқа 82 елден 721 шахматшы қатысты. Қазақстан құрамасы жарысты 13 медальмен аяқтады. Оның жетеуі – алтын, екеуі – күміс және төртеуі – қола.