Ақтауда танымал блогер қамауға алынды. Ол Instagram желісінде Қытайдан арзан бағамен тауар жеткізу туралы жарнаманы насихаттаған. Аталған дерек бойынша Маңғыстау облысының Полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдіктілердің бірі Instagram желісінде Қытайдан түрлі тауарларды, оның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен сату және жеткізу туралы жарнама орналастырған.
Тауарларды жарнамалау үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал Instagram-парақшасының иесі тартылған. Тергеу нұсқасы бойынша, жарияланымдарда әлеуетті сатып алушыларға тауардың бар екені, оның сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат берілген.
Жарнаманы көрген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тапсырыс үшін ақшаны жеке кәсіпкердің шотына аударған. Алайда сатып алушылар тауарларын алмаған. Тергеу мәліметінше, түскен қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ басқа да ықтимал жәбірленушілер анықталады.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алғанда сақ болуға, сатушылар туралы мәліметті тексеруге және күмәнді шоттарға ақша аудармауға шақырды.