Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өтініш-тілегіне дер кезінде жауап беріп, жол, аула және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді жергілікті жерде шешудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте тұрғындар көтерген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, нақты нәтижеге жеткізу маңызды. Осы бағытта Тараз қаласына қарасты Ақбұлақ шағын ауданындағы Қаратай Тұрысов көшесінің тұрғындары көтерген мәселе де шешімін тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін тұрғындар аталған көшедегі жол жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалына жүгінген болатын.
Тұрғындардың өтінішінен кейін партияның Саяси кеңес мүшелері Қаратай Тұрысов көшесіне барып, мәселенің мән-жайымен танысты. Сондай-ақ қала әкімдігінің жауапты өкілдері және мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, жөндеу жұмыстарын жеделдету мәселесін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша мердігер мекемеге жұмысты қарқынды жүргізіп, нысанды 23 қыркүйекке дейін аяқтау жөнінде ұсыныс берілді.
Нәтижесінде жол жөндеу жұмыстары жеделдетіліп, толық аяқталды. Жоба аясында Қаратай Тұрысов көшесіндегі жол кеңейтіліп, тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасалды.
Осылайша, тұрғындар көтерген мәселе назарға алынып, тиісті жұмыс белгіленген мерзімде орындалды.