Тәжікстан көріпкелдер мен сиқыршылардың дерекқорын құрып жатыр

Бүгін, 12:10 / Алуа Арман

Тәжікстанның Ішкі істер министрлігі көріпкелдер, сиқыршылар, жезөкшелер, есірткіге тәуелді адамдар және алаяқтық әрекеттерге қатысы бар басқа да тұлғалар туралы мәліметтер енгізілетін арнайы дерекқор құрып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжікстан ІІМ мәліметінше, дерекқордағы ақпарат тиісті органдардың сұрауы бойынша ұсынылады.

«Халық арасында ырымшылдықтың, бал ашудың, сиқыршылықтың және азаматтарды алдауға байланысты басқа да әрекеттердің алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігінің арнайы дерекқорына көріпкелдер мен сиқыршылардың, кезбе жалған молдалардың, жезөкшелердің, олардың клиенттері мен жақындарының, есірткіге тәуелді адамдардың, сондай-ақ осы әрекеттерге қатысы бар басқа да тұлғалардың аты-жөні енгізіледі. Бұл адамдар тұрақты бақылауда болады», – деп хабарлады Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметі.

ҚазАқпарат мәліметінше, бұған дейін Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода 2026 жылдың басына қарай 5 мыңнан астам көріпкел, сиқыршы және «кезбе жалған молда» есепке алынғанын хабарлаған.

Душанбе қалалық ІІБ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елордада бал ашумен айналысудың 93 дерегі анықталған. Ал көріпкелдердің қызметіне жүгінгені үшін тағы 11 азаматқа айыппұл салынған.

Тәжікстанда бал ашу мен сиқыршылық үшін 100 есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Ал бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Тэгтер:

Тәжікстан көріпкел сиқыршы