Республика күні қарсаңында Ұлттық ұлан ұшқышы алғаш рет өз бетінше ұшу сапарын орындады

Бүгін, 09:00 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Республика күні қарсаңында Ұлттық ұланның авиациялық базасының әскери қызметкері, капитан Дастан Құсайынов Ан-74 әскери-көлік ұшағымен алғаш рет өз бетінше ұшу сапарын орындады. Бұл – әскери ұшқыштың кәсіби даярлығындағы маңызды кезең әрі оның әуе кемесін өздігінен басқаруға дайын екенін көрсететін жетістік, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқу-жаттығу ұшуы барысында капитан Құсайынов ұшақты әуеге көтеруден бастап қондыруға дейінгі басқарудың барлық негізгі кезеңдерін орындады. Дайындық ұшу даярлығына қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілді.

Алғашқы дербес ұшу ұшқыштың кәсіби қалыптасуында ерекше маңызға ие. Ол ұшу техникасын жетік меңгеруді, жүктелген міндеттерді дәл орындауды және экипаж бен әуе кемесінің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін шешімдерді өз бетінше қабылдауға дайын болуды талап етеді.

Әуе кемесі командирінің ерекше жауапкершілігі – штаттан тыс жағдайларда да өздігінен шешім қабылдай білу және экипаж мүшелері арасында міндеттерді сауатты бөлу. Нұсқаушының тікелей көмегінсіз ұшу кезінде дәл осы дағдылар шешуші рөл атқарады.

Ұшу сапарының сәтті орындалуы капитан Дастан Құсайыновтың кәсіби шеберлігін шыңдаудағы және Ұлттық ұланның авиациялық бөлімшесінің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын нығайтудағы кезекті маңызды қадам болды.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз әскери қызмет ұшқыш