Найзағай соққан жігітін екі рет өлімнен арашалап қалған қызға сүйіктісі үйленуге ұсыныс жасады

Бүгін, 23:12 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

АҚШ-та орманда серуендеп жүрген екі жас найзағайдың соққысынан зардап шекті. Есінен танып, тынысы тоқтаған жігітін қалыңдығы жүрек-өкпе реанимациясын жасап, екі мәрте аман алып қалған. Құтқарушылар оқиға орнына 50 минуттан кейін ғана жеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға АҚШ-тың Висконсин штатындағы Кеттл-Морейн мемлекеттік орманында болған. TMJ4 News басылымының мәліметінше, Ник Бродерик пен оның сүйіктісі Ева Бродерик шамамен 16 шақырымдық жаяу серуенге шыққан. Екеуі көліктерінен үш шақырымдай алыстаған кезде кенеттен қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнай бастаған.

Жақын маңда паналайтын қауіпсіз орын болмағандықтан, олар жолдарын жалғастыруға мәжбүр болған. Алайда бірнеше минуттан кейін күтпеген жағдай орын алды.

Найзағай олардың жанындағы ағашқа түскен. Соның салдарынан жер арқылы тараған электр тогы екі жасқа да әсер еткен. Ева қатты соққыдан жерге құлап, аяқтарынан күшті электр тогы өткендей сезінген. Есін жиғаннан кейін ол қасындағы сүйіктісінің қимылсыз жатқанын байқаған. Никтің тынысы тоқтап, терісі көгере бастаған.

Қыз бірден 911 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырған. Содан кейін жігітіне жүрек-өкпе реанимациясын жасауға кіріскен.

Оқиға орнын табу құтқарушыларға оңай соқпаған. Орман ішіндегі байланыс сапасының нашарлығы мен соқпақ жолдардың көптігі іздеу жұмыстарын қиындатқан. Мамандар екі жасты жаяу іздеуге мәжбүр болып, оларға шамамен 50 минуттан кейін жеткен. Осы уақыт аралығында Еваның өзі де найзағай әсерінен зардап шеккеніне қарамастан, сүйіктісіне көмек көрсетуді тоқтатпаған.

Басылым мәліметінше, қыз жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, Никтің тіршілік белгілерін екі мәрте қалпына келтіруге көмектескен. Өрт сөндіру және құтқару қызметі басшысының орынбасары Дэни Шиллер оның әрекетін ерекше ерлік деп бағалаған.

Ник Бродерик ауруханада үш күн ем қабылдаған. Найзағай әсерінен оның сіңірлері зақымданып, есту қабілеті ішінара нашарлаған. Дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы жақсарған жігіт ауруханадан шығарылған. Осыдан кейін Ник өзін ажалдан арашалап қалған сүйіктісі Еваға үйленуге ұсыныс жасаған. Қыз оның ұсынысын қабылдап, екеуі тамыз айында шаңырақ көтерген.

Ал Пальмира қаласының өрт сөндіру департаменті Ева Бродерикті көрсеткен батылдығы мен адам өмірін сақтап қалғаны үшін ресми марапатпен наградтауды жоспарлап отыр.

Тэгтер:

Найзағай АҚШ