Түркістанда видео үшін көліктің төбесіне шыққан екі адам жазаланды

21 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Түркістан облысында әлеуметтік желіге видео түсіру мақсатында көліктің төбесіне шыққан жүргізуші мен жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қауіпті әрекет полицияның назарына ілігіп, автокөлік айып тұрағына жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Түркістан облысының Сайрам ауданында болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтаған. Бейнежазбада адамдардың автокөліктің төбесіне шығып, видео түсіргені байқалған. Олардың әрекеті дронның көмегімен де тіркелген.

Полиция құқық бұзушылыққа қатысы бар азаматтардың жеке басын анықтады. Олар 22 жастағы жүргізуші мен 30 жастағы жолаушы болып шыққан. Құқық қорғау органдары жолаушыларды тасымалдау ережелерінің бұзылғанын анықтап, екі азаматқа қатысты әкімшілік шара қолданды. Сонымен қатар олардың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, жолдағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Ал оқиғаға қатысқан автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде танымал болу мақсатында жасалатын қауіпті әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Әсіресе қозғалыстағы көліктің төбесіне шығу немесе жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтамай тасымалдау адам өміріне қатер төндіреді. Құқық қорғау органдары жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және видео түсіру үшін өздерінің немесе өзгенің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге шақырды.

Тэгтер:

көлік Түркістан