Қазақстан 50 өзбекстандық дәрігерді оқытады: Ақмарал Әлназарова шетелдік әріптестерімен кездесті

21 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/akmaralalnazarova

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Өзбекстанның Самарқанд қаласында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлерімен келіссөз жүргізді. Кездесулерде дәрігерлерді даярлау, қатерлі ісіктерді емдеу, заманауи медициналық технологияларды енгізу және дәрі-дәрмекті бірлесіп сатып алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Бүгін Самарқанд қаласында өтіп жатқан Балалар обыры жөніндегі II халықаралық конгресс аясында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлерімен екіжақты кездесулер өткіздім.

Ресейлік әріптесім Михаил Мурашкомен онкология, кардиохирургия, трансплантология, медицина ғылымы және мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықты талқыладық.

Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Элдор Адиловпен 2027–2029 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын қарастырдық. Оның ішінде Қазақстан клиникаларында 50 өзбекстандық маманды оқыту және шекаралас өңірлердегі медициналық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталдық.

Қырғызстандық әріптестерімізбен дәрілік заттарды бірлесіп сатып алу және халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекетаралық сатып алулар саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімге қол қою мәселелерін талқыладық.

Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі нақты істермен көрінуі тиіс деп есептеймін. Бұл – дәрігерлерімізге жаңа мүмкіндіктер ашу, ауруханаларымызға заманауи технологияларды енгізу және ең бастысы, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.

Біздің бірлескен бастамаларымыздың басты мақсаты да – осы", – деп жазды министр.

Тэгтер:

Ақмарал Әлназарова