Балиде қазақстандық қыз таксиге отырамын деп 380 мың теңгесінен айырылып қалған

Бүгін, 20:34 / Жамбыл Жайлау
Stan.kz коллажы

Индонезияның Бали аралына демалуға барған қазақстандық қыз такси жүргізушісінің алаяқтығына тап болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 150 мың рупий тұратын жолақы үшін банк картасынан 15 миллион рупий, яғни шамамен 380 мың теңге шешіп алынған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы Динара Алшын есімді қазақстандық Instagram парақшасында айтып берді.

Ол Бали аралына бес күнге демалуға барған. Алайда сапарының үшінші күні такси қызметін пайдалану кезінде күтпеген жағдайға тап болған.

Қыздың сөзінше, жүргізуші жолақы ретінде 150 мың индонезиялық рупий алуға тиіс еді. Бірақ төлем жасалған кезде көрсетілген сома 100 есе өсіп кеткен.

"Өмірімде алғаш рет алаяқтардың арбауына түстім. Оның үстіне, бұл Балида болды. Таксистер менен 150 мың индонезиялық рупий алуы керек еді. Бірақ төлем жасайтын кезде сома 15 миллион рупийге өзгеріп кеткен. Жай ғана екі нөл қосып, ақшаны алып қойған", – деп жазды Динара.

Ақшасының жоғалғанын мейрамханаға жеткенде білген

Қазақстандық туристің айтуынша, төлем жасаған сәтте телефонындағы интернет байланысы дұрыс жұмыс істемеген. Сол себепті ол банк картасынан қанша қаражат шешілгені туралы хабарламаны бірден алмаған.

Динара төлем кезінде жолақының дұрыс көрсетілгеніне сенімді болған. Алайда мейрамханаға жеткен соң банк операциясын тексеріп, шотынан 15 миллион рупий алынғанын көрген. Бұл шамамен 380 мың теңгеге тең.

Турист мұндай ірі сомадан күтпеген жерден айырылуы демалыс жоспарына да әсер еткенін жеткізді.

"Демалысымның қалған уақыты тергеумен өтер еді"

Динара оқиғадан кейін бірден жергілікті полицияға жүгінбеген.

Ол мұндай шешім қабылдауына уақыттың аздығы және жүргізушіні анықтауға қажетті мәліметтердің болмауы себеп болғанын түсіндірді.

"Жүргізуші туралы ешқандай мәлімет болмады. Полицияға барып, іздестіру жұмыстарына кіріссем, демалысымның қалған уақыты соған кетер еді", – деді қазақстандық.

Оның айтуынша, қолында такси жүргізушісінің аты-жөні немесе жүрген жерін анықтауға көмектесетін нақты ақпарат болмаған.

Тэгтер:

Бали Такси