Германияның BMW автокөлік өндірушісі қызметкерлеріне жұмыстан өз еркімен кету үшін өтемақы төлеу бағдарламасын іске қосты. Жеке ұсыныстарды көруге шамамен 40 мың қызметкерге мүмкіндік берілген. Өтініштерді қарауға арналған ішкі HR-порталға бір мезетте көп адам кіргендіктен, жүйе уақытша істен шыққан. Алайда бұл 40 мың адамның бәрі жұмыстан кетуге өтініш берді дегенді білдірмейді, деп хабарлайды turkystan.kz handelsblatt.com-ға сілтеме жасап.
Компания шығындарды қысқарту аясында әлем бойынша шамамен 8 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Бағдарлама негізінен әкімшілік, зерттеу және әзірлеме бөлімдеріндегі қызметкерлерге қатысты. Өндірістік желіде жұмыс істейтін қызметкерлер қысқартуға жатпайды.
Өтемақының мөлшері қызметкердің еңбек өтілі мен жеке ұсынысының шарттарына байланысты. Кейбір қызметкерлерге алты таңбалы сома ұсынылуы мүмкін. Алайда әр жұмыс жылы үшін 50 мың еуро төленеді деген ақпаратты қолдағы дереккөздер растамайды.
BMW бұл қадам арқылы шығындарын азайтып, құрылымын оңтайландыруды көздейді. Бұған Қытай автокөлік өндірушілерінің бәсекесі мен әлемдік автомобиль нарығындағы қиындықтар да әсер етіп отыр.