Павлодар облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның ішінде мас күйде көлік басқарудың 9 дерегі, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішудің 94 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 14 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 125 фактісі анықталды. Сонымен қатар түрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 9 адамның орналасқан жері анықталды.
Мәселен, патрульдеу кезінде Малайсары батыр көшесінде полиция қызметкерлері Mercedes автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Ал Олжабай батыр мен Торайғыров көшелерінің қиылысында есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізуші ұсталды.
Медициналық куәландыру екі жүргізушінің де масаң күйде болғанын растады. Материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бұдан бөлек, Камзин көшесі, 324 мекенжайында JA J7 маркалы автокөлік тоқтатылды.
Тексеру кезінде жүргізушінің бұған дейін мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Сот шешімімен ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда қолданыстағы шектеуге қарамастан, жүргізуші қайтадан рөлге отырып, өзінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы 23 қазанға дейін жалғасады.
Өңір полициясы азаматтарды қырағы болуға шақырады. Құқыққа қайшы әрекеттердің куәсі болған жағдайда, дереу 102 жедел арнасына хабарлау қажет.