Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда COP17 аясындағы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінде Қазақстанның экологиялық саясаты мен табиғи байлықтарды қорғаудағы басымдықтарын айтқан болатын. Бұл бастамалар – еліміздің жаһандық экологиялық міндеттемелерді орындауға және келер ұрпаққа қолайлы қоршаған орта қалдыруға бағытталған жүйелі саясатының көрінісі. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ақерке Искандерованың пікірінше, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биоалуантүрлілікті қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясында айрықша маңызға ие, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жаңа Конституцияда экологиялық мәдениет пен табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қағидаттары бекітілген. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын дамыту – тұрақты болашақтың маңызды негізі. Елімізде табиғатты қорғау бағытында нақты нәтижелер бар: ақбөкен саны 4,7 миллион басқа жетті, қар барысының популяциясы шамамен 190 басқа дейін өсті. Тұран жолбарысын табиғи ортаға қайтару және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Каспий итбалықтарының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азаюына байланысты Президент бес Каспий маңы мемлекетін және халықаралық қоғамдастықты теңіз экожүйесін сақтау жөніндегі бірлескен шараларды күшейтуге шақырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесулері де Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, көпжақты әріптестікті дамытуға және инвестициялық-энергетикалық жобаларды ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болды. Табиғатты сақтау мен халықаралық әріптестікті нығайту – Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды бағыттары», – деді ол.