Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереванда өткен Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысты. Саммитте Президент жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясына да тоқталған болатын. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» РМКК директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлиев «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» бастамалары мен Әділетті Қазақстан қағидатының бәрі идеологиялық тұрғыдан алып қарағанда елді біріктіретін, қазақстандықтарды бір мақсатқа ұйыстырып, ортақ бағытқа жетелейтін бастамалар екенін айтады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты, Әділетті Қазақстанды құру мұраты, «Таза Қазақстан» акциясы, барлығы да елдігімізді нығайту, қоғамның жауапкершілігін арттыру секілді ортақ мүддеден туындаған игі істер. «Таза Қазақстан» ұғымын тек ауланы тазалап, көшені сыпырумен шектеуге болмайды. Оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Қоршаған ортаға ұқыптылық адамның ішкі мәдениетінен, ойының тазалығынан, өзіне және қоғамға деген жауапкершілігінен басталады. Адам өз санасын күнделікті күйбең тіршіліктің қамына ғана қамамай, елге пайдамды қалай тигіземін деген оймен өмір сүруі керек. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты – ел мүддесі үшін ортақ заңға бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, өмір сүріп отырған ортаңның құндылықтары мен ұстанымдарын сыйлау. Мұның бастауы – адамгершілік. Адалдық пен ар-ұятты биік қойған, сөзі мен ісіне жауап бере алатын азаматтар көбейген сайын қоғамда әділет орнығады. Әділетті Қазақстанның негізін де осындай адами қасиеттер құрайды», – дейді ол.