Қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыру қажет – Лаура Қарабасова

Бүгін, 11:56 / Алуа Арман
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Қаржы министрі Мәди Тәкиевке Президенттің ғылымды қаржыландыру мерзімін ұзарту туралы бастамасын іске асыруға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ғылым – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі мен технологиялық егемендігінің негізі. Ғылым мен инновацияның конституциялық деңгейдегі басымдықтар қатарына көтерілуі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі саясаты мен тұрақты қолдауының көрінісі. Соңғы жеті жылда ғылым саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Қазіргі заманғы қоғамда ғылымға қойылатын талап та, күтілетін нәтиже де жоғары. Экономика сұранысына қызмет ету, технологиялық серпіліс пен адам өмірін жақсартудың қозғаушы күшіне айналу. Бұл үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасап, ең алдымен, ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Мемлекет басшысы  өз Жолдауында  гранттық қаржыландыру мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін атап өтіп, оны бес жылға ұзартуды ұсынды. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, жаңа норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Кейін 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 34-бабында толығымен сақталды.  Бірақ арада 4 жылдан астам уақыт өтті. Негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді», – деді ол.

Лаура Шапайқызы алайда ғалымдардың осы үш жылды да толық пайдалана алмай келе жатқанын айтты. Өйткені конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Нәтижесінде зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады. Депутаттың айтуынша, бұл – жай ғана әкімшілік кідіріс емес, зерттеудің қарқыны мен нәтижелілігіне тікелей әсер ететін фактор.

«Әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология, климатология саласы үшін мәселе өзекті. Мұндай зерттеулерге ұзақ бақылау, бірнеше маусымдық цикл қажет. Ғылымға уақыт бермей, одан үлкен нәтиже талап етуге болмайды.

Тағы бір маңызды жайт бар. 2026 жылғы 24 маусымдағы заңға енгізілген толықтыру ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекітті. Енді конкурстық рәсімнің кешігуінен ғылыми жұмыстың мерзімін қысқартуға негіз жоқ. Бюджетті де сылтау ете алмаймыз. Себебі, бес жылдық жобаның төртінші және бесінші жылына қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік циклде жоспарлауға мүмкіндік бар. Яғни ғылымды дамытуға заңнамалық негіз жасалды. Қаржы тетігі де көзделген. Мәселе – министрліктердің нақты басқарушылық шешім шығаруында. Сондықтан министрліктерге:

1. 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізуді;

2. Іргелі ғылым үшін бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізуді және жобаның толық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекітуді;

3. Төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік циклдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізуді;

4. Қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыруды ұсынамын», – деді ол.

 

Тэгтер:

депутаттық сауал Лаура Қарабасова Құрылтай