Жұлдыз Данбаева: Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты

Бүгін, 11:10 / Алуа Арман
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Данбаева Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға амбулаториялық кардиологиялық қызметтің жағдайы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділет» партиясының Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша басымдық берілген. Бағдарламада «саланы қағаз жүзіндегі есеппен емес, науқастың нақты денсаулығымен бағалайтын адамға бағдарланған модельге көшу» міндеті айқындалған. Атап айтқанда, жүрек-қантамыр ауруларының деңгейін 5 пайызға төмендету межесі нақты белгіленген. Бұл кардиологиялық қызметті жаңғыртудың маңызын айқындайды. Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеу – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты. Бұл мәселе халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан дамыған елдер ауруды ерте анықтауға, тиімді емдеуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық береді. Қазақстандағы жағдай да осы бағыттың өзектілігін көрсетеді. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, қанайналым жүйесі аурулары бар 1,9 миллион пациент медициналық бақылауда тұрған. Бұл ересек тұрғындардың 14,4 пайызына тең. Оның ішінде 114 мың жағдай алғаш рет анықталған. Сонымен қатар пациенттердің 90 пайызы амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды», – деді депутат.

Жұлдыз Сейітқамзақызы сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.

«Кардиологиялық қызметті дамытуда кадр тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Қажеттілік 4 014 маманды құрағанымен, іс жүзінде елімізде 661 маман ғана жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базаны да жаңарту қажет. Медициналық жабдықтардың тозуы шамамен 40 пайызды құрайды. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында бастапқы кардиодиагностикаға қажетті жабдықтар толық емес. Скринингтің қамту ауқымы да шектеулі. Қолданыстағы жүйе 30 жастан асқан азаматтар мен жекелеген топтарды ғана қамтиды. Бұл аурудың қауіпін ерте анықтауда төмендетеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де толық шешілмеген. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету қажеттіліктің 40-50 пайызын ғана өтейді. Жеткізудегі іркілістер салдарынан препараттар жылына 8-10 ай ғана қолжетімді болып, емнің үздіксіздігіне нұқсан келеді. Ал жүрек-қантамыр ауруларын тиімді бақылау үшін дәріні тұрақты қабылдау аса маңызды.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясы атынан министрлікке мынадай ұсыныстар енгіземіз:

Ірі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары базасында әр 150 мың тұрғынға бір инвазивті емес диагностика орталығын құруды және терапевтер мен жалпы практика дәрігерлерін қайта даярлауды;

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандартына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен атеросклероз кабинеттерін енгізуді және барлық өңірде кардиореабилитацияның толық циклін ұйымдастыруды;

18 жастан бастап халықты скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект бағдарламаларын және пациенттердің жағдайын қашықтан мониторингтеу жүйесін енгізуді;

Кардиологиялық қызметті жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында кешенді трансформация бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді ол.

Тэгтер:

депутаттық сауал Жұлдыз Данбаева