Құрылтай Пәкістанмен кедендік ынтымақтастық туралы заңды қабылдады

Бүгін, 10:51 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Құрылтай Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады. Құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келісім Қазақстан мен Пәкістанның кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастырады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары кеден заңнамасы бұзылуының алдын алу, оларды тергеу және жолын кесу бойынша өзара көмек көрсетуді, экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күдік тудыратын декларациялар туралы ақпарат алмасуды, сондай-ақ құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтиды.

Сонымен қатар қызметкерлерді оқыту, біліктілігін арттыру және практикалық тәжірибе алмасу үшін екінші тараптың кеден органдарына жіберу мүмкіндігі қарастырылған.

Өзара іс-қимыл «сұраныс-жауап» форматында жүзеге асырылады.

Құжатты іске асыру кеден ісі саласындағы ынтымақтастық деңгейін жетілдіруге, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту және транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға жол ашады.