Көкшетауда бір бала мұздай су толы кәріз құдығына құлап, көз жұмған. Екі аптадан кейін дәл сол құдыққа екінші бала құлап кеткен. Бұл жолы бала аман қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға күндіз Сарыарқа жаңа шағынауданында болған. 10 жастағы бала достарымен көшеде ойнап жүріп, мұздай суға толы ашық кәріз құдығына құлап кеткен. Баланы бірден судан шығарып алған.
Алайда бұл оқиға жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Себебі соңғы уақытта осындай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Екі апта бұрын төрт жасар бала құрылыс алаңындағы қоршаусыз аумақта суға толы шұңқырға құлап, қаза тапқан еді.
Коммуналдық қызмет өкілдері барлық құдықты тексеріп, жағдайды бақылауда ұстауға үлгермей жатқанын мойындады. Қазір бұл жұмысқа екі бригада жұмылдырылған. Олар саны 15 мыңға жуық құдықты аралап, тексеруге тырысып жатыр. Соңғы оқиғадан кейін тағы бір ашық құдықтың қақпағы шұғыл түрде жабылды.
«Бұл құдыққа әлі барып үлгермедік. Себебі кадр тапшылығы бар. Ең бастысы, барлық нысанды уақытылы күтіп ұстау үшін слесарьлар жетіспейді», — деді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының бас инженері Қазбек Садвакасов.