Алматы облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізіп отырып балағат сөздер айтқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 86 500 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 11 қазанда күндізгі сағат 12:00 шамасында болған.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел өз үйінде отырып TikTok арқылы тікелей эфир жүргізген. Алайда эфир барысында бейәдеп сөздер қолданып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Бұл жағдайға байланысты іс сотта қаралды.
Әйел сотта кінәсін мойындады
Сот отырысында құқық бұзушылыққа қатысты жиналған материалдар зерттелді. Олардың арасында әйелдің тікелей эфирде балағат сөздер айтқанын көрсететін бейнежазба да болған.
Істі қарау барысында әйел өз кінәсін мойындаған.
Нәтижесінде сот оның әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 3-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша саралаған.
Әйелге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Бұл 2026 жылғы есеппен 86 500 теңгені құрайды.