Көкшетауда ер адамды қағып өлтірген жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен

Бүгін, 22:47 / Жамбыл Жайлау
Alberfb/Getty Images

Көкшетауда жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші ұсталды. Жол апатынан 48 жастағы ер адам қаза тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы жағдай 19 қазанда Көкшетау қаласындағы Тәшенов көшесінде болған.

Полиция мәліметінше, Volkswagen Vento автокөлігінің жүргізушісі жолдың жарықтандырылған бөлігінде келе жатқан 48 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Соққы салдарынан ауыр жарақат алған ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Алайда көлік жүргізушісі зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсетуге әрекет жасамай, жедел қызметтерге де хабар берместен кетіп қалған.

"Жол апаты 19 қазанда облыс орталығындағы Ташенов көшесінде болған. Volkswagen Vento автокөлігінің жүргізушісі жолдың жарықтандырылған бөлігінде 48 жастағы ер адамды қағып кеткен. Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Соқтығысудан кейін жүргізуші шұғыл қызметтерге хабарламай және зардап шеккен адамға көмек көрсетпестен қашып кеткен", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Жүргізуші бірнеше сағаттан кейін ұсталды

Қайғылы оқиғадан кейін полицейлер күдіктіні іздеуге кіріскен.

Оның жүрген жерін анықтау үшін Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мен қала маңында кезекшілік атқарып жүрген патрульдік полиция экипаждары жұмылдырылған.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтап, оны бірнеше сағат ішінде ұстаған.

Қазіргі уақытта адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында жол апатының нақты себептері мен жүргізушінің оқиға орнынан кетуіне байланысты барлық мән-жай анықталмақ.

Тэгтер:

Жол апаты Көкшетау