Шымкентте екі бала газға уланып көз жұмды

Бүгін, 21:28 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде бес адам иіс газынан уланып, екі бала қайтыс болды. Қаза тапқандардың бірі – 15 жастағы қыз, екіншісі – төрт жасар ұл. Ауруханаға жеткізілген әйелдердің бірі баласынан айырылғанын әлі білмейді, деп turkystan.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға Шымкент қаласының Күншығыс шағынауданында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, пәтерді екі әйел балаларымен бірге жалдап тұрған. Тұрғындардың бірі есін жиғаннан кейін жедел көмек шақырып үлгерген. Алайда дәрігерлер келгенше екі баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Марқұмдардың туысы Дильбар Сайдхожаеваның айтуынша, қайғылы жағдайға газ колонкасынан бөлінген иіс газы себеп болған.

"Газ колонкасынан угар газы шыққан. Содан қызымыз қайтыс болып отыр ғой. Сіңілімнің баласы оның құшағында, көрпенің астында ұйықтап жатқан бетінде көз жұмды", – деді ол.

Үш жасар қыз жансақтау бөлімінде жатыр

Оқиғадан кейін екінші әйел үш жасар қызымен бірге ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің мәліметінше, 1999 жылы туған әйелдің жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен токсикология бөліміне ауыстырылған.

Ал 2023 жылы дүниеге келген бүлдіршін әлі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

"Дәрігерлердің шұғыл көмек көрсетуінің арқасында 1999 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. Ал 2023 жылғы баланың жағдайы біршама жақсарғанымен, емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастыруда", – деді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.

Телеарна мәліметінше, ауруханада жатқан әйел төрт жасар ұлының қайтыс болғанынан әлі хабарсыз.

Тэгтер:

Шымкент Бала газ