"Сарыгүл, секір": Көкшетауда иесінің айтқанын орындайтын ерекше қой жұртты таңғалдырды

Бүгін, 20:15 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Көкшетауда 68 жастағы зейнеткер асырап алған Сарыгүл есімді қой әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Иесінің дауысын естігенде секіріп, айтқанын орындайтын жануардың видеосын 600 мыңнан астам адам тамашалаған, деп turkystan.kz тілшісі Tengri Life басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерекше қойдың иесі – Көкшетау тұрғыны Темірболат Жүсіпов. Оның қызы Самал әкесі мен Сарыгүлдің қызықты сәттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.

Бейнежазбада зейнеткер қойға "Сарыгүл, секір!" деп бұйрық береді. Таныс сөзді естіген жануар иесінің жанында секіре бастайды.

Қойдың бұл әрекеті желі қолданушыларын таңғалдырған. Көпшілік Сарыгүлдің ақылдылығына сүйсініп, оны соймауды өтінген.

Енесі жеріген қозыны зейнеткер өзі бағып өсірген

Самал Жүсіпованың айтуынша, әкесі Солтүстік Қазақстан облысындағы Кеңес ауылында туып-өскен. Шамамен он жыл бұрын Көкшетауға қоныс аударғанымен, мал ұстауды тоқтатпаған.

"Әкем өмір бойы ауылда тұрды. Қалаға көшсе де, аулада тауық пен бірнеше қой ұстауын тоқтатқан жоқ", – дейді Самал.

Сарыгүл үш жыл бұрын дүниеге келген. Алайда енесі қозыны жеріп, бауырына баспаған. Сол кезде Темірболат Жүсіпов оны өзі бағып-қағуға шешім қабылдаған.

Зейнеткер кішкентай қозыны бөтелкемен тамақтандырып, оған арнайы сүт қоспаларын сатып алып берген.

"Әкем оны сиыр сүтімен емізіп, дәріханадан арнайы сүт қоспаларын сатып алып бақты. Кішкентай Сарыгүл тауықтармен бірге тауыққорада өсті, әлі күнге дейін олармен ойнағанды жақсы көреді. Әкем оны бөтелкемен емізгенде, ол қуанғанынан дәл видеодағыдай секіретін. Оның бұл қылықтары бізді әрқашан сүйсіндіретін", – деп бөлісті қызы.

Уақыт өте келе Сарыгүлдің секіру әдеті сақталып қалған. Қазір де иесі шақырған кезде жүгіріп келіп, таныс әрекетін қайталайды.

"Тек әкем айтқанда ғана секіреді"

Самалдың сөзінше, Сарыгүл бөтен адамдардың командасын орындай бермейді. Ол көбіне өзін кішкентайынан бағып өсірген Темірболаттың даусына ғана жауап береді.

"Ол тек әкем сұрағанда ғана секіріп көрсетеді. Басқаларды елемеуі де мүмкін", – деді Самал.

Қазір Сарыгүл отбасының сүйікті жануарына айналған. Зейнеткердің немерелері аталарына қонаққа келгенде қоймен ойнағанды ұнатады.

"Біз бәріміз Сарыгүлді қатты жақсы көреміз. Ол – әкемнің үй жануары. Біз әрқашан ол қазақ отбасындағы өз ажалымен өлгенше бақытты өмір сүретін жалғыз қой шығар деп қалжыңдаймыз", – дейді Самал.

Тэгтер:

Көкшетау қой сарыгүл