Жаңалықтар

Астанада 12 көшеге автобус жолағы жасалады

ашық дереккөзі

Астанада 12 көшеге автобус жолағы жасалады

Мамыр айының екінші жартысында елорданың тағы 12 көшесіне Bus Line жолағы енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ЭКСПО аясында 12 учаскеде Bus Line жолағын енгізетін боламыз. 20 мамырдан Сарыарқа, Тұран, Бейбітшілік даңғылдарында, 27 мамырдан Тәуелсіздік, Сарайшық, Тәшенов, Жұмабаев, Қабанбай батыр даңғылдарында, ал 3 маусымнан бастап жаңа жолдардың салынуына байланысты Нәжімеденов пен Байтұрсынов көшелерінде және Республика даңғылында арнайы автобус жолақтары қолданысқа енгізіледі»,- деді Игенбердинов. Басқарма басшысының айтуынша, мұндай шешім жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырады, автобустардың қозғалыс уақытын 20 пайызға жақсартады. Соған сәйкес жолаушылардың аялдамада автобус күту уақыты қысқарады. «Сонымен қатар ЭКСПО өтетін кезеңде Қабанбай батыр даңғылымен Сығанақ көшесінен бастап айналма жол айырығына дейін солға бұрылуға шектеу қою бағдарламасын әзірледік. Бұл даңғыл бойындағы сол жаққа бұрылуды шектеу әрбір реттелетін қиылыста екі бағытта да орнатылған. Бұған қоса Рысқұлов көшесінен айналма жол айырығына қарай жүріп келе жатқанда кері айналып кетуге шектеу қойылған»,- деді ол.