«Суық күндері қауіпті»: Абай облысының полициясы тұрғындарға ескерту жасады

Бүгін, 17:17 / Інжу Әлихан
Абай облысы ПД

Абай облысының полициясы суық күндері мас күйде жүрудің қауіпті екенін ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күн суытқан кезде көшеде мас күйде қалу адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Құлап қалу, жарақат алу немесе өздігінен үйіне жете алмау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Патрульдеу барысында полицейлер көшеде өздігінен қозғала алмай жатқан азаматтарға көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге жеткізеді.

Жыл басынан бері облыста қоғамдық орындарда адамдық қадір-қасиет пен қоғамдық әдепті қорлайтын масаң күйде жүргені үшін 9 630 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігіне сәйкес мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Есіңізде болсын: алкоголь денені жылытпайды, керісінше, суықта тоңу қаупін арттырады.

Көшеде жатқан адамды көрсеңіз, оны бірден мас деп ойламаңыз. Денсаулығы сыр берген болуы да мүмкін. 102 немесе 103 нөміріне хабарласып, нақты орналасқан жерін айтыңыз.