Павлодарда есірткі шегіп, трактор жүргізген тұрғын ұсталды

Бүгін, 14:03 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысында есірткілік масаң күйде трактор басқарған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Патрульдік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолын кесу және құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

Кезекті рейд барысында қала орталығында полицейлер құжаттарды тексеру үшін тракторды тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің мінез-құлқы күдік тудырған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.

Жүргізушіге қатысты материалдар рәсімделіп, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Ал трактор арнайы тұраққа қойылды.

– Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және масаң күйде көлік құралын басқармауға шақырамыз, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының командирі Рүстем Байғабұлов.

Полиция масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.

Тэгтер:

Есірткі Ақсу Павлодар облысы жүргізуші трактор