Ақтөбе тұрғыны ауруханадан 300 мың теңге өндіріп алды

Бүгін, 12:56 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбелік әйел жол-көлік оқиғасынан кейін емделу мерзімінің ұзаруына байланысты моральдық зиян өтемақысын сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақтөбе қаласының № 3 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, М. есімді азаматша медициналық көмектің тиісінше көрсетілмеуіне байланысты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарсы талап арыз берген.

«Жол-көлік оқиғасынан кейін талап қоюшы амбулаториялық ем қабылдаған. Медициналық тексеру нәтижелерінің әртүрлі түсіндірілуі диагноз қоюда белгісіздік туғызып, қайта тексерулер жүргізу қажеттілігіне және емделу мерзімінің ұзаруына әкелген. Сонымен қатар медициналық ұйым тексеру нәтижелеріндегі қайшылықтарды талқылау үшін тиісті мамандардың қатысуымен уақытылы алқалы отырыс ұйымдастырмаған», – делінген сот хабарламасында.

Сот дәлелдемелерді, жол берілген заңбұзушылықтардың сипатын және талап қоюшының моральдық күйзелісін ескере отырып, талап арызды ішінара қанағаттандырды. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыннан моральдық зиянды өтеу үшін 300 мың теңге өндірілді.

Ал жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қойылған талаптар қанағаттандырылмады. Өйткені компанияның әрекеттері мен келтірілген моральдық зиян арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденбеген.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Аурухана Ақтөбе Сот