Ресейде 5 адамнан маймыл шешегі анықталды

Бүгін, 11:40 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында маймыл шешегіне күдікпен ауруханаға жатқызылған бес науқастың диагнозы расталды. Бұл туралы Боткин атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

РИА Новости жазуынша, науқастардың жағдайы тұрақты. Ауру жеңіл және орташа деңгейде өтіп жатыр, емдеу жалғасуда.

Роспотребнадзор өкілдері жағдайдың бақылауда екенін және инфекцияны анықтау үшін барлық қажетті іс-шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Ресейде маймыл шешегін, оның ішінде вирустың жаңа нұсқаларын анықтауға арналған тест-жүйелер жеткілікті.

Маймыл шешегі – иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін сирек кездесетін вирустық ауру. Инфекция дене қызуының көтерілуі, ағзаның улануы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және бөртпенің пайда болуымен сипатталады.

Алдымен теріде дақтар пайда болып, кейін олар көпіршіктерге айналады. Көпіршіктер жарылғаннан кейін жаралар пайда болып, жазылған кезде қабыршақтанады. Қабыршақ түскеннен кейін тыртық қалуы мүмкін. Ауру жеңіл өткен жағдайда әдетте өздігінен басылып, 14-21 күнге созылады.