Павлодар тұрғыны сұлулық салонында терісін күйдіріп алған

Бүгін, 09:32 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Павлодар тұрғыны сұлулық салонында лазерлік косметологиялық процедура кезінде термиялық күйік алып, медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қала тұрғыны облыс орталығындағы сұлулық студияларының бірінен 132 мың теңгеге лазерлік косметология қызметтерінің пакетін сатып алған. Алайда процедура кезінде оның терісі зақымдалып, терең термиялық күйік алған. Бұл кейін медициналық құжаттармен расталған.

Клиенттің айтуынша, алғашқы процедураны кейін белгілі болғандай, салон қызметкері болып табылмайтын әйел жасаған. Осыдан кейін ол салон әкімшілігіне сотқа дейінгі талап жолдап, келісімшартты бұзуды, пайдаланылмаған қызметтер үшін 127 мың теңгені қайтаруды және денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді талап еткен.

«Салон клиенттің келісімшартты бұзу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Біздің мамандар оған құқықтық көмек көрсетіп, туындаған дауды реттеуге жәрдемдесті», – деп хабарлады Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.

Нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, әйелге 127 мың теңге қайтарылған.

Департамент тұрғындарға косметологиялық қызметтерді таңдағанда сақ болуды, жарнамаға бірден сенбей, қызмет көрсету шарттарын алдын ала мұқият зерделеуді ескертті.