Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты иемдену ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы бас бухгалтер қызметтік жағдайын пайдаланып, 89,7 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот анықтағандай, К. бас бухгалтер қызметін атқара отырып, ұйымның бухгалтерлік жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, 89,7 млн теңгені өзіне тиесілі жеке кәсіпкерліктің шотына заңсыз аударған. Соның салдарынан ұйымға дәл осы сома көлемінде материалдық залал келтірілген.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындағанын және жасаған ісіне өкінетінін ескерді. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот ер адамды жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы қанағаттандырылды. Сотталған азаматтан келтірілген материалдық залалды өтеу үшін 89,7 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Сондай-ақ ішкі қаржылық бақылауды ұйымдастыруда кемшіліктер анықталғандықтан, сот ұйым басшылығына қатысты жеке қаулы шығарды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.