Астанада Tesla автомобилімен соқтығысқан жүк көлігі көпірден құлап кетті

Бүгін, 21:11 / Жамбыл Жайлау
Астана ПД

Астанада Tesla электромобилі мен ассенизатор жүк көлігі соқтығысып, салдарынан жүк көлігі көпірден құлап кетті. Жол апатынан 71 жастағы жүргізуші зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 19 қазанда елорданың айналма жолында болған. Астана қалалық полиция департаменті жол-көлік оқиғасының мән-жайын түсіндірді.

Тәртіп сақшыларының алдын ала мәліметінше, Tesla көлігін тізгіндеген 49 жастағы әйел көпірге көтерілетін жол айрығында басты жолмен келе жатқан жүк көлігіне жол бермеген.

"Tesla автокөлігін басқарған 49 жастағы әйел көпірге көтерілетін жол айрығында қозғалып келе жатып, басты жолмен жүрген жүк көлігіне жол бермегені анықталды. Салдарынан екі көлік соқтығысып, жүк көлігі жол қоршауын бұзып өтіп, көпірден құлаған", – деп хабарлады полиция.

Жол апаты салдарынан жүк көлігінің 71 жастағы жүргізушісі зардап шегіп, медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген.

Әзірге оның денсаулық жағдайы туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Тэгтер:

Астана көлік көпір